$509.51 €570.6 ₽6.3
×

Бакуде көп қабатты тұрғын үйдегі өрттен 16 адам қаза болды

AstanaTV
20.05.2015ж. 13:00
1628
Бакуде көп қабатты тұрғын үйдегі өрттен 16 адам қаза болды

Әзірбайжан астанасы Бакуде көп қабатты тұрғын үйден  өрт шығып 16 адам қаза болды. Оның үшеуі бала. Тағы 60-тан астам адам зардап шеккен. Әзірбайжанның бас прокуроры Закир Гараловтың пайымынша, өрттің шығуына ғимаратты қаптауға қолданылған сапасыз материал себеп болуы мүмкін. Ғимараттың тез жанатын сыртқы пластик қаптамасынан өрт лезде күш алып,  қас қағым сәтте бүкіл қабаттарды шарпыған. Аз ғана уақыт ішінде 16 қабатты үй толығымен өртеніп кетті. Жоғарғы қабаттардағы жалынды өшіруге тікұшықтар тартылды. Тілсіз жауды ауыздықтауға төрт сағат  кеткен. Бүгінде қаза болған 11 адамның аты-жөні нақтыланды. Марқұмдардың ішінде бір отбасы мүшелері, ағайынды бауырлар да бар. Өртеніп кеткендердің ең кішісі бір жарым жастағы сәби. Әзірбайжан ақпарат құралдарының хабарлауынша, үрей билеген адамдар жоғарғы қабаттардан секірген. Бір ер адам сегізінші қабаттан секіріп, мерт болған. Ел президенті Ильхам Әлиев оқиғаның тергелу барысын өз бақылауына алды. Тұрғын үйдің сыртын арзан материалмен қамтаған «Global Construction» компаниясы бастығының ұсталғаны белгілі болды. Бұл Бакуде өртеніп отырған алғашқы үй емес. Сәуірде тоғыз қабатты тұрғын үй отқа оранап, әп сәтте жанып кетті. Бірақ ол оқиғадан адамдар аман қалған еді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ