$516.01 €582.47 ₽6.26
×

ЕЭО аумағында роумингтің арзандауынан қазақстандық абоненттер 2,5 млрд теңге үнемдейді

AstanaTV
20.05.2015ж. 20:00
1315
ЕЭО аумағында роумингтің арзандауынан қазақстандық абоненттер 2,5 млрд теңге үнемдейді

Еуразиялық экономикалық одақ аумағында роумингтің арзандауынан қазақстандықтар 2,5 млрд теңге үнемдейді. Ал байланыс операторлары 25 млрд теңге табыс табады. Бұл жөнінде Еуразиялық экономикалық комиссияның антимонополиялық реттеу және бәсекелестік жөніндегі министрі Нұрлан Алдабергенов мәлімдеді.

Қазақстан және Ресей шекарасында 20 миллионға жуық адам тұрады. Қазақстандық абонент ұялы байланысқа минутына 7 теңге төлесе, шекарадан асқан бойда қызмет түрі 20 есе қымбаттап, 150 теңгеге бір-ақ көтеріледі. Комиссия зерттеу жүргізіп, роуминг тарифтері халықаралық байланыс тарифтері деңгейіне дейін төмендесе, 5,5 млрд теңге үнемделетінін анықтаған. 

Нұрлан Алдабергенов, ЕЭК антимонополиялық реттеу және бәсекелестік жөніндегі министрі:

Сондықтан роумингті арзандату өте маңызды. Ол қазақстандық абонетке 2,5 млрд үнемдеуге, телекоммуникациялық компанияларға 20 млрд қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. 

Астана-Мәскеу бағытында жиі ұшып-қонатын Нұрлан Алдабергенов «Эйр Астана» компаниясының тарифтік саясатының кейбір тұстарын түсінбейтінін жеткізді. Отандық әуе компаниясымен қоса ресейлік «Трансаэро» да бірдей қашықтықтағы рейстерде билетті еке есе қымбатқа сатады. «Тұтынушылар тарифтегі мұндай айырмашылықты түсіне алмай жүр»,- дейді ол. Бір ай ішінде ұлттық әуе тасымалдаушы «Эйр Астана» мен Ресейдің «Аэрофлоттан» кейінгі екінші ірі компаниясы «ТрансАэроға» комиссия арнайы сауал жолдамақ. 

Нұрлан Алдабергенов, ЕЭК антимонополиялық реттеу және бәсекелестік жөніндегі министрі:

Негізінен «Эйр Астана» мен «ТрансАэро» компаниялары көзге түсіп жүр. Астана-Мәскеу бағытында біз жиі ұшамыз. Рейс үнемі толы болады. Билет 50-60 мың теңге. Дәл сондай қашықтықтағы Мәскеу-Қарағанды бағыты екі есе арзан. «Эйр Астанада» да осыншама қашықтықты құрайтын Алматы-Қазан рейсі 38 мың теңге. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ