$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Шымкент тұрғынынан граната атуға арналған құрал алынды

AstanaTV
20.05.2015ж. 10:00
1487
Шымкент тұрғынынан граната атуға арналған құрал алынды

Шымкентте жеке тұрғын үйлердің бірінен гранатаны жаратын - РПГ-22 атыс құралы табылды. Бұдан бөлек үш мылтық мен бірнеше оқ-дәрі алынды. Сот-криминалистикалық сараптамасы, тәркіленген 16-калибрлі аңшы мылтығы мен екі шолақ мылтықтың да атуға жарамды екенін анықтап берген. Ал граната жаратын құралды бұрын қолданыста болған-болмағанын және жарамдылығын анықтау үшін сараптамаға жөнелткен. Басты күдікті 22 жастағы жергілікті тұрғын. Қару-жарақ оның ауласындағы қосалқы құрылыстардың бірін тінту кезінде шыққан. Тергеу барысында Шымкент пен Қызылорда қалаларының тағы 5 тұрғыны күдікке іліккен.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы:

Қазіргі таңда 22 жастағы жергілікті тұрғын күдікті ретінде қамауға алынып отыр. Оған байланысты ҚР ҚК 287 бабы бойынша 4-бөлігі қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда. Ол «заңсыз атыс қаруды алып жүру», «сақтау» және «сатып алу» бойынша. Қазіргі таңда осы қылмысқа қатысты жан-жақты тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оны қайдан алғанын, қай себеппен оны сақтап отырғаны бәрі тергеу барысында анықталады.

Жергілікті құқық қорғау органы дерегінше, сезікті бұрын «бұзақылық» жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қылмысы дәлелденсе, күдікті сегіз жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Айта кетейік, жыл басынан бері аймақта бұдан бөлек заңсыз айналымда жүрген 54 атыс қаруы алыныпты.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ