$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Ғ. Мұстафин ауылында топан судан зардап шеккендер шығынды есептеген комиссия шешіміне наразы

AstanaTV
20.05.2015ж. 10:00
1656
Ғ. Мұстафин ауылында топан судан зардап шеккендер шығынды есептеген комиссия шешіміне наразы

Топан судан қатты зардап шеккен Қарағанды облысының Ғабиден Мұстафин ауылының тұрғындары шығынды есептеген комиссия шешімімен келіспейді. Наразы топтың айтуынша, бағалау компаниялары халықтың құрдымға кеткен дүние-мүлкін тиын-тебенге шаққан. «Комиссия «шығын көлемі қайта есептелмейтінін» кесіп айтты», - дейді тұрғындар. Шарасыз халық мәселеге биліктің араласуын сұрайды. Наурыздың аяғында аяқ астынан келген қызыл судан Ғабиден Мұстафин ауылының жеті жүзден астам үйі зардап шеккен болатын. Үй жиһаздары, тұрмыстық техника түгелдей істен шыққан. Ауыл халқы, су жаңа мүліктерінің несиесін әлі төлеп отырғандарын айтады. Алайда, шығынды есептеумен айналысқан комиссия өкілдері мұны ескермеген. Бірақ, комиссия қорытындысына ауылдықтар қол қойған.

Гүлнәр Хасенова, Ғ. Мұстафин ауылының тұрғыны:

Жатын төсек, диван, теледидарымыз су жаңа болатын. 235 мың тұратын диван, ас үй жиһазы 135 мың тұратын. Несиеге алғанбыз. Осының бәрін 2 жүз мыңға бағалады. Адамдар, келісіңдер, әйтпесе осыдан да айырыласыңдар деген соң амалсыздан қол қойдық. Шығынды қайта есептеу керек деп санаймыз.

Руслан Нұрмұханбетов, Бұқар жырау ауданы әкімінің Төтенше жағдайлар орынбасарының міндетін атқарушы:

Қайта есептелмейтіні анық. Бірақ, бағалармен келіспегендер сотқа шағымдана алады. Әрі қарай не істеуге болатыны сот шешімінен кейін белгілі болады. Мүлікті бағалауға әкімдіктің еш қатысы жоқ.

Айта кетейік, Ғ.Мұстафин ауылы тұрғындарының жері жаңа баспаналарымен бірге өздеріне қайтарылатын болды. Құрылыс басталар алдында жерлерін үкіметтің меншігіне өткізу керектігін естіген жұрт, жер телімдерінің құжатын бермей қойған. Бұқар жырау ауданының әкімдігі Әділет департаментімен келісіп, екі жақты келісім-шартқа «жер құрылыс аяқталған соң үймен бірге тұрғындардың меншігіне өтеді» деген тіркес енгізді. Шенеуніктер енді жер үшін алаңдаудың қажеті жоқ деді. Тұрғындар жаңа үйге кірісімен жерлеріне қайта ие болады. Қазір бұл ауылда жаңа баспаналар құрылысы қарқын алған.

Айжан ҚУАШ