$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Тобыл өңірінің диқандарына табиғат тосын мінез танытуда

AstanaTV
19.05.2015ж. 10:00
1095
Тобыл өңірінің диқандарына  табиғат тосын мінез танытуда

Астықты аймақ саналатын Қостанай облысы дән себу жұмыстарын кейінге шегеруге мәжбүр. Ауа-райының қолайсыздығы аймақ диқандарына қол байлау болып отыр. Биыл егін науқаны мамырдың он бесіне белгіленді - деп, облыстық ауыл шаруашылық басқармасы хабарлады. Өңірдің оңтүстік аудандары белгіленген мерзімде жерге дән сіңіру жұмыстарына кірісіп кеткен көрінеді. Ал, өзгелері жауын-шашынның салдарынан әлі бастамаған. Сала мамандарының айтуынша, осы айдың  алғашқы 10 күндігінде жауған жаңбыр нормасы айлық мөлшерді құрапты. Басқарма басшыларының айтуынша, үстіміздегі жылы егін алқаптарының жалпы көлемі 4 миллион 700 мың гектар. Өткен жылмен салыстырғанда егістік алқабы 22 мың гектарға ұлғайыпты. Енді, күн қабағы ашыла салысымен диқандар егін науқанына білек сыбана кіріскелі отыр.

Сәлімжан Есенаманов, Қостанай облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

Солтүстік облыстар үшін ең қолайлы мерзім мамырдың 15-нен бастап маусым айының 1-не дейінгі, уақыт. Жауын-шашынның салдарынан сәл кешеуілдеп отырмыз. Бірақ, менің ойымша белгіленген уақытта науқанды аяқтау үшін техника  саны жеткілікті.

Заңғар САНАЙ