Алматыдағы «Алғабас-6» ықшам
ауданындағы көпқабатты үй сүрілетін болды. 30 сантиметрге қисайып кеткен үй
апатты деп танылды. Бүгін қалалық әкімдік арнайы құрылған комиссия қорытындысын
жария етті. Үйді саларда мердігер компания жердің бедері мен топырақтың құрамын
дұрыс тексермеген. Жақында 72 пәтерлі баспана толығымен бұзылады. Тұрғындарға
пәтерлерден дүние-мүліктерін шығарып алу үшін екі тәулік уақыт берілді.
Бұл
туралы бүгін арнайы брифингте қала әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов
мәлімдеді. Шенеуніктің айтуынша, үйде ары қарай тұру қауіпті. Сондықтан
құрылысты жүргізген «Астана Құрылыс» компаниясы тұрғындарға қайтадан баспана
салып береді немесе басқа жерден пәтерлер тауып беруге міндетті деді. Әкімдіктің
есебі бойынша құрылысқа 400 млн теңге қаражат жұмсалған.
Сұлтанбек Мәкежанов, Алматы
қаласы әкімінің орынбасары:
Сараптаманың көрсетуі бойынша,
бұл ғимарат іргетасында судан қорғау мәселесі және оны бекіту жұмыстары
жасалмаған. Халық түсініп отыр. Бірнеше күнде мердігер өз шешімін шығаруы
керек. Өз есебінен қай жерден, қандай механизмдер арқылы халықты жайлы
пәтерлерге орналастыруға жағдай жасауды ойластыруы тиіс.
Ал 2014 жылы осы үйді
қабылдап алу комиссиясының құрамында қол қойған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс
қозғалады. Қазір бұл мәселе бойынша тиісті құқық қорғау органдары айналысып
жатыр,- дейді қала әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, Алатау ауданындағы
«Алғабас-6» ықшам ауданының тұрғындары 2 маусым күні түнде шұғыл
эвакуацияланған болатын. Тоғыз қабатты үйдің бір жаққа қисайып кетуіне
байланысты 200-ден астам адам қауіпсіз жерлерге көшірілді. Арнайы комиссия
құрылып, осы шағын ауданда мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің барлығы
тексеріле бастады.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ