$526.5 €611.64 ₽6.72
×

Оңтүстік Қазақстан облысында аурухана мен емхананың қатары толықты

AstanaTV
15.05.2015ж. 20:00
2599
Оңтүстік Қазақстан облысында аурухана мен емхананың қатары толықты

Оңтүстік Қазақстан облысында 180 орындық аурухана мен бір ауысымда 200 адамды қабылдайтын емхана ел игілігіне берілді. Бұл - «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған нысандар.

Мынау - Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласындағы аурухана. Бұған дейін қаладағы 35 мыңнан астам тұрғын тар бөлмелерде ем қабылдап келген еді. 2012 жылы құрылысы басталған нысанның жалпы құны 4 млрд теңге шамасында. Республикалық қазынадан қаржыландырылған. Жаңа ғимарат облыста жоқ заманауи қондырғылармен жабдықталыпты.

Жандар Нышанов, ОҚО Ленгір қалалық ауруханасының бас дәрігері:

Облыста қойылмаған ота жасайтын бөлімде жаңа құрал-жабдықтар алынды. Қазір мамандар бәрі оқыған. Қазір қызмет жасап, халыққа медициналық көмек көрсетуде.

Бір артықшылығы - аурухана мен емхана бір жерде орналасқан. Енді қан талдаулары, ішкі ағзаларды қарап, ота жасауға дейінгі процесс бір жерде жасалмақ. Емханаға бұрын болмаған маммолог сынды дәрігер де шақыртылған. Мұнда ұзын саны 320  медицина өкілі халыққа қызмет көрсетпек.

Берік Оспанов, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары:

Біздің облысымызда күннен күнге жаңа өзгерістер болып жатыр. Денсаулық сақтау саласы көрсеткіштерін айтатын болсақ,  кәдімгідей өзгеріс бар. Адамның өмір ұзақтығы ұзарып жатыр. Балалардың шетінеуі азайып жатыр. Аналардың өлімі азайып жатыр. Егер статистиканы қарайтын болсақ, ол өте оңды нәтиже.

Айта кетейік, жоспар бойынша жыл соңына дейін аймақта 22 медициналық мекеме  пайдалануға беріледі. Тағы 25 нысанның құрылысы қарқын алған. Ал былтырғы жылы жалпы саны 64 емдеу орны ел игілігіне берілген еді.

Айзада ТӨРЕБЕҚЫЗЫ