$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Оқулық шығару ісін мемлекеттік басқаруға беру оқулық сапасына кері әсер етеді - Білім министрі

AstanaTV
18.05.2015ж. 20:00
1016
Оқулық шығару ісін мемлекеттік басқаруға беру оқулық сапасына кері әсер етеді - Білім министрі

Мектептердің оқулықтармен толық қамтамасыз етілмеуі әлі де қаржының толық бөлінбеуіне байланысты. Мәжіліс қабырғасында өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі, жергілікті атқарушы органдардың бұл салаға дер кезінде қаражат бөлмейтінін, алға тартты. Сондай-ақ министр мектеп бағдарламасындағы оқу әдебиеттеріне қатысты қордаланған біраз мәселенің басын ашты. 

Бүгінге дейін республика мектептерін қажетті оқулықпен қамтамасыз етуге 14 млрд теңге бөлінген. Алайда, бұл жеткіліксіз, - деді ведомство басшысы. Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарының мектептерінде балалар оқулықпен толық қамтамасыз етілмеген. Бұл өңірлердегі оқулық тапшылығының жалпы көлемі 2 млрд теңгеден асып отыр. Қаражат жетіспеушілігінен бөлек, елде заманға сай оқу әдебиеттерін жазатын жас маман да жоқ,- дейді Аслан Сәрінжіпов. 

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Бүгінде жетпейтін қаражат сомасы 2 млрд 370 млн теңгені құрайды. Оқулықтардың сапасына әсер ететін фактор - әзірлеушілер мен сарапшылардың біліктілігі. Авторлар мен сарапшылардың сапалық құрамын талдауға сәйкес, біліктілігі мен тәжірибесі бар мамандар жетіспеуін көрсетеді. Авторлық корпустың қартаюы байқалады. Оқу әдебиеттерін әзірлеу саласында сәйкес даярлығы жоқ авторлар құрамын қалыптастыру жағдайлары да бар.

Оңтүстік Қазақстандағы оқулық тапшылығын жергілікті білім басқармасы стандарттардың өзгеріп, осыдан 3 жыл бұрын шыққан әдебиеттің жарамсыз болып қалғандығымен түсіндірді. Бұл мәселені олар өз күшімен шешуге тырысып бағуда.

Альбина Елшиева, ОҚО білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы:

2012 жылдың алдындағы шыққан кітаптар олар қазір жарамсыз болып отыр. Себебі сол стандарттардың өзгеруіне байланысты. Енді қазір кезең- кезеңімен мәселе шешіледі деп ойлаймын. Бұл жерде енді проблема - тек қана қаражатты табу.

Тапшылықтан бөлек оқу әдебиеттерінің сапасы да жиында қызу талқыланды. Отандық оқулықтарды мемлекеттік бақылауда ұстауды мықтап қолға алу керек, деген депутаттардың сөзіне келіспеген министр бұл ұстанымын өзінше түсіндірді. Ең сорақысы - төл оқулықтарымыздың басым бөлігі Қытай мен Түркияда басылып шығады екен. Бірақ бұған қымсынған «бас ұстаз» жоқ. Сала министрі «бұл бизнес» деп міз бақпады. «Жеке сектормен салыстырғанда, мемлекеттің менеджерлігі іске алғысыз» деген пікірін де айтып салды.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Мемлекеттік монополияға қатысты. Баламасыз оқулықтар бойынша біз қазір тәжірибе жүргізудеміз, сараптаймыз. Бірақ, біздің ойымызша, монополия жағдайында оқулықтардың сапасы қазіргіден де төмен болады деп ойлаймыз. Себебі мемлекет - жеке секторға қарағанда нашар менеджер.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ