$540.84 €634.46 ₽6.43
×

Таразда жарылыс жасау әрекеті үшін күдіктілерге қатысты сот басталды

AstanaTV
15.05.2015ж. 20:00
Таразда жарылыс жасау әрекеті үшін күдіктілерге қатысты сот басталды

Тараздағы базарда жарылыс жасау әрекеті үшін айыпталғандар бәсеке үшін осы әрекетке қамданғандарын мойындады. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне қылмыстық істі қарауға алған соттың баспасөз хатшысы мәлімдеді.

Бүгін Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот залына бес бірдей күдікті айыпты ретінде жеткізілді. Оларға Қылмыстық кодекстің 233-2 бабының бірінші және екінші тармағы бойынша бірнеше айып тағылып отыр. Атап айтсақ, «террористік топ құру», «жарылыс жасау», «қоғамдық қауіпсіздікті бұзу», «халықты үрейлендіру», «мүліктік зиян келтіру» айыптары. Сондай-ақ, бұл топ 28-ші және 242-баптарымен террорлық акт туралы жалған хабар беру бойынша да жазалануы мүмкін.

Сот баспасөз қызметінің ақпаратына сенсек, айыпталушылардың бәрі отбасылы, бұрын сотты болмаған, Жамбыл облысының тұрғындары. Олардың төртеуі уақытша қамау изоляторында бір жылға жуық отырса, біреуі үй қамағында. Бірлесе әрекет еткен бесеудің ең үлкені 43 жаста, ал кішісі 29-да. «Олар базарлар арасындағы бәсекелестіктен жарылыс жасау әрекетіне барған», - деді соттың баспасөз хатшысы.

Саяхат Нұрбеков, Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баспасөз хатшысы:

Айыпталушылардың бұл қылмысқа бару себебі - айыптаушылардың кейбіреулері Асқаров көшесі, яғни Киров көшесіндегі «Орталық базарда» кәсіпкер боп жұмыс атқаратын. Сондықтан тұтыншуларды өздерінің базарына тарту үшін, «Ауыл-берекеде» жарылыс ұйымдастырған. Айыпталушылардың қылмысы дәленденсе, ҚР ҚК 233 бабының  2 бөлігі бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мемлекетке 1 млн теңгеден астам залал келтірген. Бүгінгі сот процесінде 3 куә сұралды және келесі сот отырысы 18  мамырға қалдырылды.

Еске салайық, былтырғы жылдың шілде айынан бастап Тараз полициясына «базарда бомба бар» деп жалған қоңырау жиілеген. Ал сол жылдың 30 тамызында аталған базар алдына салоны жарылғыш заттарға толы «Ауди» көлігі табылған болатын. Анықталғандай, мемлекеттік нөмірсіз көліктен 50 литр бензин мен бірнеше газ баллондары табылды. Абырой болғанда, будақтаған көк түтінді дер кезінде байқаған базар басшылығы мен өзге сатушылар апаттың алдын алып үлгерген болатын. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛОВ