Америка құрама штаттары Араб мемлекеттерінің зымыранға қарсы қауіпсіздігін
қамтамасыз етіп, жау шапқан күнде арнайы жасақтарын дайындықтан өткізуге
кепілдік берді. Бұл туралы Парсы шығанығы аймағындағы Aраб елдерінің
ынтымақтастық кеңесінде Барак Обама мәлімдеді, - деп хабарлайды Рейтерс. Кеңеске Бахрейн, Катар, Кувейт, Біріккен Араб әмірліктері,
Оман және Сауд Арабиясы кіреді. Ақ
үй басшысының Кэмп-Дэвид резиденциясында өткен жиында Обама серіктестер «басына
күн туса», Америка әскери әлеуетін қолданатынын ашық айтты. Оның ішінде зымыран шабуылына қарсы өңірлік жүйе құрып,
қару алмасу, жеке құрамды арнайы дайындықтан өткізу жоспарлары бар. Көптеген
сарапшылар, Құрама штаттардың бұл қадамын Иран ядролық мәселесі бойынша келісім
алдында серіктестерінің көңілін аулау әрекеті деп бағалауда. Араб мемлекеттері
келісім нәтижесі Иранның Таяу шығыстағы жағдайды одан бетер ушықтыруына негіз
болады деген ойда. Саммитке Вашингтонның сенімді серіктесі - Сауд Арабиясының
қатыспауының себебі де осы болуы мүмкін.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ