$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жемқорлыққа жол берген 25 лауазымды тұлға «Нұр Отан» партиясы қатарынан қуылды

AstanaTV
27.03.2014ж. 20:00
917
Жемқорлыққа жол берген 25 лауазымды тұлға «Нұр Отан» партиясы қатарынан қуылды

Ақмола облысында жемқорлыққа жол берген 25 лауазымды тұлға «Нұр Отан» партиясы қатарынан қуылды. Сондай-ақ, өткен жылы дәл осындай қылмысқа барған тағы 40 адам жауапкершілікке тартылып отыр. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі заңды белден басқандарға осындай қатаң шара қолдануда.

Айтуларынша, Ақмола облысында жемқорлық белең алып барады. Өткен жылмен салыстырғанда, қылмыс саны 15%-ға өскен. Бармақ басты, көз қысты әрекеттер, әсіресе мемлекеттік сатып алу, жер қатынастары салаларында көптеп тіркеледі.

Төлеген Ыбыраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғамдық кеңес мүшесі:

Осы «Жер қатынастары туралы» заңды бұзу қылмысы 8 есеге өсіп кеткен. Тек қана бір Бурабай ауданында 2014 азаматтың жер беру туралы 2012 жылдан бері өтініші қаралмаған.

Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында 17 жемқорлық әрекет әшкере болды. Мәселен, 8 жыл бұрын Щучье қаласында «Республикалық шаңғы базасын» құруға мемлекет қазынасынан 15 миллиард теңге бөлінген. Алайда құрылыс жұмыстары сағызша созылып кетті. Сондай-ақ, 600-дей елді мекенде сапалы ауыз су атымен жоқ. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлінген.

Қосман Айтмұхаметов, Ақмола облысының әкімі:

Мен осы облыстың әкімі болып тағайындалғаннан кейін, Елбасы маған сенім атқарғаннан кейін, ағаттық менен кетті, мен ол жұмысты қолға алам, кеңестің мүшелеріне түгел айттым, қортындысын жылдың аяғында көрсетеміз.

Ал, таяуда Жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық кеңесі «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігімен мемарандум жасасты. Басты мақсат - елімізде жемқорлық фактілерінің алдын алу. «Кеңестегі барлық 116 генерал осы мақсатта мүлтіксіз жұмыс атқарады». Генералдар кеңесі төралқасының төрағасы Рүстем Қайдаров осылай деп сендірді.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА