«Эйр
Астана» әуе компаниясы бәсекелестік ортаға сатылатын мекемелердің тізімінде
жоқ. Бұл туралы Индустрия және даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті
хабарлады.
Баспасөз қызметі таратқан хабарламада: «Әуе компаниясын
QatarAirways-ке болсын, өзге ұйымдарға болсын сату туралы келіссөздер жүріп
жатқан жоқ»,- делінген. Сонымен қатар, қазақстандық әуе тасымалдаушысына
мемлекет иелік етпесе, әуе байланысы туралы халықаралық келісімдерге сай,
шетелге ұшуға тыйым салынатыны ескерілген. «Эйр Астананың» Еуропаға ұша алатын
жалғыз отандық тасымалдаушы екені және мемлекеттің қаржылық қолдауына мұқтаж
еместігі де айтылған.
Естеріңізіде болса, бұған дейін «Эйр Астана» бәсекелі
ортаға өткізу бағдарламасы аясында шетелдік компанияға сатылғалы жатыр деген
ақпарат тараған еді. Әуе тасымалдаушысының өзі жанұшыра Үкіметтен араша сұрап,
мемлекетке тиесілі «Самұрық-Қазынаның» 51 пайыздық бақылау пакетін сатпауды
өтінген болатын.
Айгүл ӘДЕПБАЙ