$524.24 €612.94 ₽6.68
×

С.Ахметов мемлекет басшысының сенімін ақтай алмағанына өкінеді

AstanaTV
10.12.2015ж. 20:00
1312
С.Ахметов мемлекет басшысының сенімін ақтай алмағанына өкінеді

Серік Ахметов Нұрсұлтан Назарбаевтан үмітін ақтай алмағаны үшін кешірім сұрады. Қарағандыда өтіп жатқан сот отырысында өзіне сөз берілгенде бұрынғы премьер-министр осылай деді. Алайда ол облыста осындай жағдай тудырғаны үшін опынатынын айтты. 

Серік Ахметов, айыпталушы:

Мен Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтан сенімін ақтай алмағаным үшін шын ниетіммен кешірім сұраймын. Қарағанды облысында менің кесірімнен осындай жағдай болып жатқаны үшін, моральдық тұрғыдан жауапты екенімді түсінем. Мемлекет басшысын да алаңдаттым. Егер сот, мемлекет басшысы құрметті Нұрсұлтан Назарбаев менің қайтадан қатарға қосылуыма мүмкіндік берсе, мен өз білімім мен тəжірибемді ел мүддесіне пайдаланып, өзімнің адал атымды қалпына келтіргім келеді. Қандай жағдайда да мен еліме, халыққа, ұлт көшбасшысына айнымас адам болып қалам. Құрметті сот, бұл қылмыстық істі əділетті аяқтауыңызды өтінемін.

Серік Ахметов мемлекеттің 1 миллиардтан астам қаржысын жымқырды, қызметін асыра пайдаланды, кәсіпкерлікке заңсыз араласты деп айыпталып отыр. Ірі көлемде пара алды деген айып жуырда алынып тасталды. Прокурорлар соттан қалған үш бап бойынша Серік Ахметовтің мүлкін тәркілеп, 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.

Серік Ахметовпен бірге айыпталушылар қатарында Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев және Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Смағұлов бар. Бұдан бөлек аймақтың 18 шенеунігі мен бизнесмені де тағылған айыптауларға жауап беруі тиіс. Сот төрт айда 330 томнан тұратын қылмыстық істі қарап, 250 куәгерді тындаған. Айта кетейік, Серік Ахметовтың ісіне қатысты үкім ертең шығуы мүмкін. 

Айжан ҚУАШ