$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Оралдағы мемлекеттік мекемелер жылуға 300 млн теңге қарыз

AstanaTV
10.12.2015ж. 20:00
1047
Оралдағы мемлекеттік мекемелер жылуға 300 млн теңге қарыз

Оралдағы мемлекеттік мекемелер жылуға қыруар қаражат қарыз. Қордаланған ақша 300 миллион теңгеден асады. Бұл соңғы бір жарым айдың берешегі. Борышын қайтаруға асықпаған басқармалардың ішінде қалалық және облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі мекемелер де бар. Бұл облыс әкімінің баспасөз хатшысы Қайрат Әбуовтың дерегі.

Қарыздың қайтарылмауы шаһарға жылу тарататын «ЖайықЖылуҚуат» кәсіпорнының жағдайын қиындатты. Жылу маусымы сайын борышқа белшеден бататын жергілікті монополист, қарыздың көптігінен биыл жазда жұмысын үш күнге тоқтатуға мәжбүр болды. Жылу беруші мекеме газ жеткізуші «Қазтрансгазаймаққа» миллиард теңгедей қарызданған.  Ал жылу ақысын уақытында төлемеген мемлекеттік мекемелерге қарызынан тездетіп құтылуы қатаң міндеттелді. Тіпті бұл үшін төлем жасау кестесі әзірленген.

Қайрат Әбуов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

Облыс басшылығы басқарма басшыларына жыл соңына дейін жылуға қарызынан құтылуын тапсырды. Өйткені коммуналдық қызметтердің ақысы әр мекеменің бюджетінде жыл басында бекітіледі. Сондықтан мұндай жағдайға жол берілмеуі керектігін қатаң ескертті.

Еркін КАРИН