$498.51 €522.84 ₽4.81
×

«Нұр Отан» партиясының «Үздік бастауыш партия ұйымы» алғашқы республикалық байқауы мәресіне жетті

AstanaTV
11.12.2015ж. 20:00
3437
«Нұр Отан» партиясының «Үздік бастауыш партия ұйымы» алғашқы республикалық байқауы мәресіне жетті

Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылды бастауыш партия ұйымдарының жылы ретінде жариялады. Бүгін осы «Үздік партия ұйымы» және «Үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» республикалық байқаулары мәресіне жетті. Тәуелсіздік күні қарсаңында үздік атанған жүлдегерлер марапатталды.

Байқау шартына сәйкес әрбір аймақтық филиалдан 3 санат бойынша барлығы 45 БПҰ соңғы кездесуге қатысу үшін Астанаға шақырылған. Нәтижесінде 12 адам жүлдегер атанды. Енді осы анықталған үздіктердің жұмыс тәжірибесі өзге аймақтарға таратылмақ.

Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бұл шара өз жалғасын табатын болады, өйткені жақсы бастама, мен ойлаймын, тек БПҰ ғана емес, келешекте аудандық, облыстық филиалдар арасында үздіктерді анықтап, оларды да марапаттап отыруымыз керек, өйткені үлгілі істі көрсетіп, тиісті бағасын беруіміз керек.

Бағалау 3 кезеңнен құралған. Партиялық жобаларды іске асыруға қатысу - ішкіпартиялық жұмыс, жаңа әдістерді пайдалану мен азаматтық бастамаларды іске асыру сынды бірнеше критерий бойынша жүргізілді. Ел үшін жасалып жатқан еңбектің жемісін көрген ұйым жетекшілері бүгін тиісті марапаттарын алды.

Арқабек Төлебаев, Жамбыл облысы Талас ауданы «Аққұм» БПҰ төрағасы:

Елбасымыз 2015 жылды бастауыш партия ұйымдары жылы деп жариялағаны облыстардағы ұйымдарға үлкен тербеліс болды. Бастауыш ұйымдар облыстық филиалдың тірегіне айналды.

Ал «Үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» байқауының жеңімпаздарын анықтауда азаматтардың мәселесін шешу нәтижесі мен қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмысының тиімділігі басты бағалау көрсеткіші ретінде алынған. Партияның БҚО филиалының қабылдау бөлмесі де бүгін үздіктер қатарынан көрінді.

Гаухар Шайхиниязова, «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

БҚО филиалы қоғамдық қабылдауына жыл басынан бері 798 өтініш келіп түсті, оның 30 пайызы оң шешілді. Азаматтардың мәселесін ұтымды шешу - қоғамдық қабылдау бөлмелерінің алдындағы маңызды міндет.

Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында 2010 жылы алғаш рет ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі республикалық байқауын өткізу бастамасы көтерілген. Содан бері өткізілген байқау оң нәтижесін беруде. Салтанатты шара соңынан жеңімпаздар  өз лебізін білдірді, мемлекет пен қоғамның дамуына айтарлықтай үлес қосу жолындағы еңбектерінің жалғасатынына уәде етті.