Павлодарда бала өліміне
соқтырған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Осыдан екі ай
бұрын, әкелі-балалы екеуді көлік қағып
кеткен. 11 жастағы жеткіншек оқиға орнында қаза болды. Түрлі жарақат алған
әкесі әлі күнге төсектен тұра алмайды. Сот сараптамасы көліктің сағатына 106
шақырыммен жүйткіп келгенін анықтаған. Темір тұлпарды тізгіндеген азаматта
жүргізуші куәлігі де болмағанын Ішкі істер департаменті растап отыр. Әріптесім
Әсемгүл Мұхитқызы тараптарды тындап көрді.
Қайғылы оқиға қазанның 1-інде болған. Төсекке
таңылған отағасының айтуынша, әйелінің туған күнін атап өткен соң, ұлымен
аялдамаға келіп, қонақтарды шығарып салады. "Көліктің келе жатқанын байқадым, өтіп үлгереміз деген оймен, жолды төтесінен кеспек болдық",-
дейді өкініші өзегін өртеген әке.
Егер ол сағатына
тиісті 60 шақырымды бағындырғанда, балам тірі қалар еді. Өзімді ақтап отырған жоқпын. Белгіленбеген
жерден жолды кесіп өткенімді мойындаймын. Бірақ жылдамдықты осыншама үдетуге
бола ма?! Оның үстіне тиісті құжатсыз. Ата-анасы оған қалай тізгінді берген,
түсінбеймін.
Оқиға орнына алғаш болып
жеткендердің бірі - отбасының туысы Бибігүл Әлімбаева. Оның айтуынша, адам
қаққан көліктің сау-тамтығы қалмаған. Жол жиегіндегі тастар опырылып, бағана
түбімен жұлыныпты.
Жол апаты анау қиылыстағы
бағананың жанында болған. Кейін екпінмен мына бордюрге соғылып, оны жұлып
әкеткен. Электр бағанына соғылғанда, інім екпіннен ұшып кеткен. Біз келгенде, бала оқиға орнынан жарты квартал алыста жатты.
Апаттан 5 сынып оқушысы оқиға
орнында көз жұмған. Ал әкесі қос аяғы бірдей сынып, жамбасы мен басынан жарақат
алып ауруханаға жеткізіледі. Қылмыстық іс қозғалғанымен кейін тоқтатылған.
Полицейлер «істе қылмыстық құрам болмағандықтан, тоқтатылды» деп түсіндірді.
Тиісті құжатсыз рөлге отырып, жылдамдықты асырғаны үшін жүргізушіге 45 айлық
есепті көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу міндеттелген.
Баян Мағзұмова, Павлодар
облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
Сот сараптаманың қорытындысы
бойынша, көлік жүргізушісі жол апатын болдырмауға техникалық мүмкіндігі болған
жоқ. Сондықтан ҚК 35 бабы 1 бөлімі бойынша қылмыстық іс қысқартылды. Апат
болған кезде көлік жүргізушінің өзінің куәлігі болған жоқ. Өйткені ол осы
жылдың сәуірінде сот қаулысымен сол құқығынан айрылған.
Тәуелсіз заңгер Владимир
Борманның пайымынша, екі тараптың да кінәсі бар. Бірі жолды төтесінен қиып
өтпек болды. Екіншісі жылдамдықты асыра пайдаланған. Дегенмен, көлік
тізгіндеген адам жолдағы жағдайға жауапты,- дейді ол.
Владимир Борман, заңгер:
Жылдамдақты асырып, жарыс өткізетін
орын емес қой. Жүргізуші куәлігі де жоқ
екен, тіпті болған күнде де жолға шыққан
кезде жауапкершілікті мойнына алады. Өйткені жол-жөнекей оқыс оқиға орын алса,
мысалы, балалар, қарттар қауіпті аумақтан дер кезінде кете алмауы мүмкін. Демек,
бұл іс әкімшілік жазамен шектелмеуі тиіс. Міндетті түрде сотта қаралуы керек
деп ойлаймын.
Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:
Шәгіровтер әулеті қылмыстық іс
тоқтатылғанын естісімен, заңгердің көмегіне жүгінеді. Бүгінде жапа жеккен
тараптың қорғаушысы тергеу барысында жіберілген кемшіліктерді тізбектеп,
қадағалау органына шағымданған. Анықталғандай, жас баланың өлімімен аяқталған
қанды оқиғаға қатысты істі қалалық прокурорлар қарауға алған.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ