$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Қарағандының тарихи-өлкетану мұражайында голографиялық суреттер галереясы ашылды

AstanaTV
16.12.2015ж. 20:00
2021
Қарағандының тарихи-өлкетану мұражайында голографиялық суреттер галереясы ашылды

Қазақ хандарының бейнесі тұңғыш рет 3D форматында жарық көрді. Голографиялық суреттер галереясы Қарағандының тарихи-өлкетану мұражайында өтіп жатыр. Көрмеде ел тарихында өшпес із қалдырған 21 билеушінің бейнесі қойылған.

3D форматындағы хандар тізбегін ежелгі қазақ мемлекетінің негізін қалаушы Жәнібек пен Керей хандар бастап тұр. Абылай, Жәңгір, Тәуке, Бөкей хандардың да суреттері бар. Мұражай қызметкерлері қазақ тарихында өзіндік орны бар жүздеген билеушінің арасынан ең танымал тұлғаларды таңдап алған. Олар өз дәуірлерінде қол жинап, тәуелсіздік, ел-жер үшін күрескен, өз мемлекетін құрып, нығайтуға талпынған.

Қазақстанда кенже дамыған голографиялық композицияларды дайындау оңайға соқпады. Алдымен отандық мүсінші Сембіғали Смағұлов 3 ай бойы хандардың келбетін гипстен жасап, кейін туындылар Беларусь мемлекетіне жіберілген. Мүсіндердің голографиялық суреті, яғни 3D бейнесі, Минск қаласындағы арнайы шеберханада жасалды. Қарағандыда тұңғыш ашылған көшпелі көрме жыл бойы еліміздің барлық қалаларын аралап шығады. 

Зияда Шерімбетова, көрмеге келуші:

Бұл хандардың барлығы біздің қазіргі тәуелсіз Қазақстанымызға дейінгі тарихымызда алатын орны ерекше. Бұл біздің өскелең ұрпаққа да, өскен ұрпаққа да өзіміздің тарихымызды білуге пайдалы. Барлық мәліметтер кең түрде. Маған қатты ұнады.

Біржан Орынбаев, көрме ұйымдастырушысы:

Біз бұдан кейін «Әлемдік деңгейдегі спортшылар галереясы» деген тағы бір жоба ашамыз. Спорттың әр саласынан ең үздіктерін аламыз. Мысалы, Геннадий Головкиннің голографиялық суретін жасаймыз. 

Айжан ҚУАШ