Жұмысынан
қысқарған Байқоңыр тұрғындары енді баспанасынан қуылып жатыр. Өйткені пәтерлер ресейлік мекемелердің жұмысшыларына ғана
тиесілі. Айта кету керек, Байқонырдағы тұрғын үй қоры түгелдей муниципалдық
меншікте. Қалада тұрақты тіркеуі жоқ мыңдаған қазақстандық азамат бар.
Мұндағылар негізінен уақытша тіркеуге тұрады. Сондықтан тұрып жатқан
пәтерлеріне олардың ешқандай құқығы жоқ. Оны сата алмайды, банкке кепілге қойып
несие де ала алмайды.
Жақсыгүл
Жидебаева 17 жылдан бері тұрып келген баспанасын босатуға мәжбүр. Қонақүйлердің
бірінде жұмыс істейтін ол жуырда қысқартуға ұшыраған еді. Артынша
"баспананы босатыңыз" деген ескерту қағаз келді, - дейді.
Жақсыгүл
Жидебаева, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
Уақытша
тіркеуде тұрамыз, оны создыру үшін әр үш ай сайын бірталай құжат жинап, ресейлік шенеуніктердің
алдына барамыз. Өз басым барлығына көнемін, бірақ балаларыма обал ғой. Олар
Қазақстанның азаматтары, елдің болашағы. Бірақ еш жерде тіркеуде жоқ. Енді
қайда барамыз?
Бүгінде Байқоңырдағы мыңдаған қазақстандық дәл осындай күйді бастан кешіріп
жүр. Баспана үшін олар ресейлік мекемелерде еден жуып, қоқыс жинауға да дайын,
- дейді Қазақстан ғарыш саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы.
Талғат
Жүсіп, ҚР ғарыш саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы:
Қазақстандықтар
пәтер алу үшін көп тер төгеді. Біріншіден, жиырмаға жуық анықтама жинайды. Сосын тұрғын үй
комиссиясынан өтеді. Оның құрамында
бірде-бір қазақстандық өкіл жоқ. Егер пәтер берілмесе, оның себебін де
түсіндірмейді.
Байқоңырда тұрақты тіркеуі, баспанасы бар азаматтардың да жағдайы мәз
емес. Ардагер Кеңшілік Көзембаев
көпқабатты үйлердің әбден ескіріп, тозып кеткеніне алаңдаулы.
Кеңшілік
Көзембаев, Байқоңыр қаласының ардагері:
1987
жылдан бері бұл тамға ешқандай ремонт жасалған жоқ. Жаңа көрдіңіздер, подъезды,
бәрін. Былтыр тек стояктарды өзгертті. Бұл арада горадминистрациядан кім
тұрады, сол үйлердің подъезды жөнделеді, сол үйлердің төбесі жабылады. Ал
халықтың тұратын үйлерінде ешқандай өзгеріс жоқ. Бұл жақта көптеген үйлер бос тұр.
Президенттің
Байқоңырдағы арнайы өкілі Серік Қожаниязов та
күрмеуі қиын мәселенің шаш етектен екенін айтады. Дегенмен бұл
проблемалар екі елдің үкіметаралық комиссиясының отырысында қаралды, дейді. Қазақстан Байқоңырдың
дамуына қаражат салуға дайын екенін жеткізген өкіл, осыдан бес жыл бұрын, өз еліміздің қаржысына тұрғызылған көпқабатты
тұрғын үйді мысалға келтірді.
Серік
Қожаниязов, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі:
Ұсынысымызды
ресейліктерге жеткіздік. Бүгінгідей экономикалық қиындықтар орын алып жатқанда,
біз, жалға беруші ретінде, жалдаушымен бірге қаланың және ғарыш кешенінің
дамуына, ішкі құрылымдарын жаңартуға қатыса аламыз дегенді баса айттық. Мұндай
жағдайда келісімшартпен рұқсат етіледі. Ресей тарапы әзірге нақты жауабын
берген жоқ.
Ресейліктер
қандай да бір шешім қабылдағанша, қазақстандық азаматтардың тұрақты тіркеусіз
жүруден өзге амалы жоқ. Тұрғындар қаладағы бос тұрған көпқабатты үйлерді өз
қаражаттарына жөндеп алуға да дайын. Алайда оған жергілікті биліктің рұқсаты
керек.
Шарипа
САҚТАПОВА