Келесі
жылдан бастап шаруалар субсидиядан қағылмақ. Ауыл шаруашылығы министрлігі
алдағы уақытта инвестициялық және ғылыми бағыттағы қожалықтар ғана
қаржыландырылады деп шешкен. Алайда, аймақтағы фермерлер бұған наразы. Олар, әр
гектарға берілетін қолдау қаржы тоқтаса, жағдай мүлде қиындайды, деп отыр. Шаруалардың шағымын Заңғар Санай тыңдап
қайтты.
Қатаулла
Ашығалиев 20 жылдан бері мал өсірумен айналысып келеді. Қорасында екі мыңдай
ірі қара, жеті жүздей жылқы мен бірнеше қора қойы бар. Иелігіндегі 50 мың
гектар жердің 20 пайызы шабындық, қалғаны - жайылым. Мал азығына берілетін субсидия тоқтаса, шаруашылығым тоқырайды, - дейді
ол.
Қатаулла
Ашығалиев, шаруа:
Қазақстан
жалпы өнімнің 4 пайызына ғана субсидия қарастырып отыр, ал Ресейдікі - 10,
Беларусь елі 18 пайызды қамтиды. Егер біздің еліміз субсидияны мүлдем тоқтататын болса, өзге
мемлекеттердің аграрлық секторы айрықша серпін алады деген сөз.
Сүт
пен ет өнімділігі мал азығының құнарлығына тікелей байланысты. Егер мемлекет
тарапынан қолдау болмаса, мал шаруашалығынан мол өнім алу қиынға соғады, - дейді
фермерлер. Министрлік әр гектарға бөлінетін субсидияны тоқтатып, оның
орнына жем-шөп алуға жұмсалған қаражатты
өтеп беруді қарастырып отыр.
Мұндай ереженің енгізілуіне қостанайлық шаруалар да
қарсы. Олар мал азығын өзіміз дайындағанымыз дұрыс деп есептейді.
Өтеген
Мұртазин, шаруа:
Әр
гектарына 9-10 мың теңге көлемінде субсидия бөлінетін. Бұл жем-шөп дайындауға
қолайлы бағдарлама еді. Субсидияның тоқтауы мал шаруашылығымен айналысатын
шаруаларды тоқырауға ұшыратуы мүмкін. Мәселен, өз басым 120-130 миллион
теңгеден қағылмақпын. Оған сүт пен етке
бөлінетін ақшаны қоссаңыз, 200 миллион теңгедей қаражаттан
айрылғалы отырмын.
Аймақ шаруалары субсидия мәселесін ауыл шаруашылық
министрлігі мен фермерлер қауымдастығы өткізген кездесуде тағы да талқыға салып көрді. Алайда, вице-министр
"құжат бекітілген, өзгерту мүмкін емес" дегенді айтты.
Сапархан
Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің
орынбасары:
Субсидияларды
өзгерту, қолдану мәселелері бүгінгі күні толық шешілген. Енді осының заңды
түрде құжаттарын дайындау жұмыстары
жүріп жатыр.
Заңғар
Санай, тілші:
Жаңа ереже көптеген шаруаны тығырыққа тіреуі мүмкін, - дейді фермерлер. Әсіресе мал
шаруашылығына қиын болғалы тұр. Өйткені жем-шөп дайындауға қарастырылған субсидияға енді өзгеріс енгізілуі екіталай. Ал министрлік бекіткен құжат екі аптадан кейін жүзеге аса бастайды.
Заңғар
САНАЙ