Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«Нұр Отан» партиясы жанындағы БАҚ өкілдерімен қарым-қатынас жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті

AstanaTV
18.12.2015ж. 20:00
1101
«Нұр Отан» партиясы жанындағы БАҚ өкілдерімен қарым-қатынас жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті

Бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы БАҚ өкілдерімен қарым-қатынас жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті. Кеңес құрамына белді ақпарат құралдары басшылары мен осы саланың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар енген. Ұйымның басты мақсаты - ақпарат саласына қатысты және мемлекеттік маңызы бар басқа да мәселелерді талқылау, қоғамдық-саяси мәні терең шаралар бойынша ортақ ұстаным қалыптастыру. Сондай-ақ осы салада кездесетін түйткілді мәселелерді мемлекеттік органдарға жеткізу. 

Қоғамдық пікірді қалыптастырушы БАҚ басшылары мен сарапшылар дөңгелек үстел басына жиналды. Отырысты бастаған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов жиналғандарды еркін әңгімеге шақырды. Жиында кейбір отандық арналардың жаңалықты зорлық-зомбылық сипатындағы хабарлардан, өзге де жағымсыз оқиғалардан бастауға бейім екені айтылды. Сарапшылар мұның қоғамға кері әсер етіп отырғанын алға тартты.

Нұрлан Ерімбетов, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті, саясаттанушы:

Қазір барлығы арзан рейтинг іздейді. Осы арқылы ақпарат құралдарының редакторлары өздерін танытқысы келеді. Бірақ бұл керісінше олардың шеберлігінің таяз екенін көрсетеді. Қайда қарасаң да, өлтірді, тонады, зорлады деген ақпарат қаптап жүр. Жаңалықтың деңгейін жақсы ақпаратпен де көтеруге болады. Неге біз жағымды деректерді айтпаймыз?

БАҚ саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандар ақпарат құралдары жеңіл мазмұндағы бағдарламаларға басымдық беретінін айтады. Жұлдыздарды жинап алып әңгіме өткізу қоғамды ілгері жылжытпайды, деген ұстаз Намазалы Омашев, журналистиканың желөкпелікке ұрынуы ұлттық құндылықтарды жояды, дегенді баса айтты.

Намазалы Омашев, Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика мәселелерін зерттеу институты директоры:

Американың көрермендері, оқырмандарына көңіл көтеретін хабарлар көбірек керек. Ал біз олай емеспіз. Аттыға ілесемін деп, жаяудың таңы айрылды деп, шешілмеген мемлекеттік мәселелер, ұлттық мәселелер, ұлттық құндылықтар көп. Сондықтан осы мәселелерді көбірек арқау етуіміз керек.

Қолданушылар қатары күн сайын артып жатқан Интернет қауымдастығы да кеңес құрамына енген. Мамандар  қазақ тілді контенттің кенжелеп қалғанын алға тартуда. Статистика бойынша интернет сайттардың 80 пайызы орыс, 11 пайызы ағылшын тілінде, қазақ тілді сайттар тек үшінші орынды еншілеп тұр. Блогерлердің өкілі, бұл салаға Үкімет жеткілікті көңіл бөлмесе болмайды, деген пікірін білдірді.

Серікқазы Кәкібаланов, Ұлттық интернет қауымдастығының президенті:

Мәселенің төтесінен айтқанда, «грант» беру керек. Өйткені интернет сайттар қашан болмасын, кенже қала береді, қала береді. Біз интернеттің пойызы жүрейін деп тұр. Ертең жүріп кетіп қалғаннан кейін, біз шаң қағып қаламыз. Сонда ақпарттық жағынан келгенде біздің қоғам басқа мемлекеттің құлы болады.

Жиында кеңестің жұмысын жүйелендіру жайы да сөз болды. «Кеңес ережесіне сәйкес, екі айда бір рет отырыс өткізілу керек. Бірақ, қажет  болса, одан да жиірек өткізейік», - деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Не жазсақ та, нені айтсақ та, нені істесек те, алдымен біз елдің болашағын ойлап отырып жасауымыз керек, осыны ескеруіміз керек. Мейлі ол, айталық, қарапайым жұмысшы ма, мейлі ол, бизнесмен бе, мейлі ол журналист па, яғни қандай маманның өкілдігі болмасын. Әсіресе журналистік қауым, ол өте маңызды, өйткені журналистің айтқан сөзіне қаншама адам құлақ асатыны белгілі, қаншама көрермен оны көріп-тыңдайтыны белгілі. Пікірлердің бәрін  жүйелендіруіміз керек. Басында айттым, біздің қабылданған ережеге сәйкес, екі айда бір отырысы деп. Керек болса, ай сайын да өткізейік. Бірақ өткізген кезде тек қана сапырып айтып қоймай, айтылған мәселе, біріншіден, нақты болуы керек. Мүмкіншіліктерді пайдалана отырып, сіз бен біз бірігіп не істеуіміз керек? Егер де шын мәнінде де олардың бәрі елдің мүддесіне, мемлекеттік мүддесіне жұмыс жасайтын дүние болса, оны біз қолдауға дайынбыз.

Партия төрағасының бірінші орынбасары кеңестің келесі отырысында ақпарат құралдарына берілетін мемлекеттік тапсырыстың мәселелерін  күн тәртібіне шығару ұсынысын да жария етті. Демек, бұқаралық ақпарат құралдарына бөлінетін тапсырыстың тиімділігі де келешекте жан-жақты талқыланатын болады.

Берік ХАСЕНОВ