$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Теңге бағамы, мұнай бағасы...

AstanaTV
19.12.2015ж. 20:30
1176
Теңге бағамы, мұнай бағасы...

Осы аптаның басында  теңге бағамы Құрама Штаттардың ақшасына шаққанда 340 теңгеге дейін, аптаның соңында 344 теңгеге дейін құлдырады. Айырбастау пунктерінде 348-352 теңге аралығында сатылды. Соңындағы құлдырауға сәлден соң тоқталамыз. Ал апта басындағы «құлауды» Ұлттық банк  былай түсіндірді: «Brent» маркалі мұнайдың бағасының 44 доллардан 37,8 долларға құлдырауы айырбас бағамына қосымша қысым жасады». Таратқан түсіндірмелерінде теңге бағамы әлемдік қаржы, тауар нарықтарындағы баға динамикасына және ішкі нарықтағы шетел валюталарына сұранысқа байланысты құралатынын жазған. Дәстүрге сай, шетелдік валютаға деген сұраныс пен ұсынысты айқындайтын фундаментальді факторларға кедергі келтірмейтіндерін ескерткен.

Кейбір сарапшылар -теңге бағамының құлдырауы бірінші кезекте мұнай бағасының түсуімен байланысты емес-, дейді. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекетті университетінің ғылым басқармасының бастығы, экономика ғылымдарының кандидаты Андрей Коваль «Наша газета» басылымына берген комментарийінде былай дейді: «Әрине, ұлттық валютаға мұнай бағасы әсер етеді, бірақ теңге құлдырауын мен бірінші кезекте өндіріс саласымен байланыстырамын. Шағын және орта бизнес құрсауда жатыр. Несие-қаржы механизмдері де жұмыс істемейді. Ұлттық банктің болжау тетіктері жоқ».  

А.Коваль, «келесі психологиялық сан 400 немесе 500 бола ма, оның мағынасы жоқ. Адамдарға да, бизнеске де осындай жағдайда өмір сүруге үйрену керек. Ұлттық валютаның нығаюына ықпалдасатын экономикалық факторларды көріп тұрғаным жоқ, мұнайдың бағасының өсетініне нұсқайтын фактор да көрінбейді. Жалпы болашақта көмірсутегі жетекші ролінен айырылуы мүмкін»,- дейді. Ол күнделікті тұтынатын тауарлар мен азық-түліктің 80 пайызын өзімізде шығармай, оңалмайтынымызды айтқан. 

Мұнай бағасының осы аптада жылдамырақ төмендеуі - АҚШ федералды қор жүйесі 2006 жылдан бері бірінші рет базалық пайыздық ставканы көтерді. Негізгі ставка 0,375 пайызға дейін өсті. Бұл әрине, долларды қолдау. Күшейген доллар мұнай бағасына қысым жасады. Ал арзандаған мұнай теңгені теңселтті. Сөз басында сілтеме жасаған Андрей Коваль айтқандай, «келесі психологиялық меже 400-500 теңге бола ма, онда мағына қалған жоқ, мағына жаңа қалыпқа үйренуімізде және шикізатқа тәуелділіктен құтылуға әрекеттеніміз бе, жоқ па, сонда»...