$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Қостанайда есірткі бизнесін «қалқалап» келді деп айыпталған экс-полицейге қатысты сот отырысы басталды

AstanaTV
21.12.2015ж. 20:00
942
Қостанайда есірткі бизнесін «қалқалап» келді деп айыпталған экс-полицейге қатысты сот отырысы басталды

Қостанайда атышулы «Есірткі мафиясы» деп айдар тағылған іс қайта жалғасты. Бүгін есірткі сатушыларды «қанатының астына алып» келді деген күдікпен экс-полицейге қатысты сот отырысы басталды.

Облыстық ішкі істер департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бұрынғы жедел уәкілі, майор Мүслім Қожабаевқа «қызметтік бабын асыра пайдаланды» деген айып тағылып отыр. Айыптау материалына сәйкес, ол 2008-2012 жылдар аралығында қылмыстық топ жетекшілерімен сыбайлас болып, есірткі бизнесіне қолғабыс жасағаны үшін сыйақы алған деген күдік бар. Ол қазір зейнеткер.

Ермек Махамбетов, Қостанай облыстық прокуратурасы 10-шы басқарманың аға прокуроры:

Айыпталушы өзінің қызметтік бабын теріс пиғылда пайдаланып, үнемі сыйақы ретінде ақша және есірткі заттарын алып отырған. Осылайша ол берген антын бұзып, қасақана сыбайлас жемқорлыққа жол берген. Қостанай қаласында аса ірі көлемде есірткі сатқан қылмыстық топтың жетекшілерімен сыбайлас болып,  есірткі бизнесіне қолғабыс ету арқылы аса ауыр қылмыс жасаған.

Естеріңізге сала кетейік, «Есірткі мафиясы» деп аталып кеткен атышулы қылмыстық іске қатысы бар 16 адам өткен жылы түгел жазаға кесілген болатын. Сот үкіміне сәйкес ұйымдасқан топтың жетекшілері Резида Асылбаева мен Алевтина Петренко 20 жылға бас бостандықтарынан айрылса, оларға сыбайлас болып, көлеңкелі бизнеске "қалқа" болған облыстық ішкі істер департаментінің бұрынғы 10 қызметкері де ұзақ  мерзімге сотталды. Атышулы сот процесі мұнымен біткен жоқ. Қазан айында қалалық криминалдық полиция жедел іздестіру бөлімінің бастығы Бауыржан Сыздықов 5 жылға бас бостандығынан айрылып, «майор» шенінен айырылды. 

Заңғар САНАЙ