Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ұрланған ұялы телефондар бұдан былай бірден бұғатталатын болды

AstanaTV
21.12.2015ж. 20:00
1766
Ұрланған ұялы телефондар бұдан былай бірден бұғатталатын болды

Алматыда жыл басынан бері жиырма мыңға жуық ұрлық дерегі тіркелсе, оның он бір мыңы ұялы телефонға тиесілі. Яғни 60 пайызы. Құқыққорғаушылар қылмысты азайтудың амалын тапқан секілді. Ұялы байланыс операторларымен бірігіп, ұрланған телефондар мен басқа да мобильді құрылғыларды IMEI кодтары бойынша бұғаттамақ. Осылайша өзгенің дүниесін оңай олжа көретін сұғанақтар үшін оны құны көк тиын болып қалмақ. Ұялы телефондарды бұғаттаудың бірыңғай алгоритмі жайлы әріптесім Айгүл Ермахан толықтырады.

Алматыдағы Көк базардың маңы бүгінде алаяқтардың мекеніне айналған. Ұрлап алған затын саудалап, оңай табыс тауып жүргендер аз емес. Жабайы саудаға біз де жақындадық.

Енді осылай оп-оңай алдап, талайды сенделткендердің жұмысына тосқауыл қойылмақ. Ол үшін телефонының «құпия сөзін», яғни IMEI кодын білсе болғаны.

Павел Крутских, ұялы байланыс операторының сарапшысы:

Кез-келген телефонда бірегей құпия сөз болады. Оны сіз ұялы телефонның қорабынан, қаптамасынан көре аласыз немесе ұялы телефоннан *#06 #  (жұлдызша мен торды басып 06 нөмерін енгізіп, соңынан торды жабу)  арқылы білетін боласыз. Осы бірегей құпия сөзбен құқық қорғау органдарына жүгінесіз, олар ұялы байланыс операторына сәйкесінше өтініш береді де, телефон желіде қызмет көрсетпейді. Яғни сөндіріліп, істен шығады.

Ішкі істер органдары жәбірленушінің атынан байланыс операторларына "құпия код" бойынша абоненттік құрылғының жұмысын уақытша тоқтатуы үшін арыз жазады. Артынша ұялы телефон қызметін тоқтатып,  материалдық құндылығын жоймақ.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:

Алдын-ала мәліметіміз бойынша, қалта ұрлықтары және ұялы телефондар және басқа мобильді құрылғыларды ұрлау фактілерін едәуір төмендетуді көздеп отырмыз. Бастапқыда 25 пайызға төмендесе, жақсы. Содан соң қандай да бір материалдық құндылығы жойылған соң, ұялы телефондарды ұрламауы керек, қылмыс  жасамайды деген болжамымыз бар.

Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, телефонның "құпия коды" бойынша ұрланған телефон қызметін тоқтату Еуропаның көптеген елдерінде қолданылады. Ол оң нәтижесін көрсеткен. Әзірге бұл тәсіл тек Алматыда ғана енгізіліп отыр.

Айгүл ЕРМАХАН