Негізгі / Жаңалықтар / Шымкенттік студент жол патрульдік полицейлерінің 54 жағдайда жол ережесін бұзғанын дәлелдеп берді

Шымкенттік студент жол патрульдік полицейлерінің 54 жағдайда жол ережесін бұзғанын дәлелдеп берді

Жол сақшылары жол ережелерін өздері жиі бұзады. Мұны шымкенттік студент Бахадыр Сапаев айғақтармен дәлелдеп жүр. Соңғы екі айда полицейлердің 54 жағдайда ереже бұзғанын дәлелдеп, айыппұл төлеткен. Заң жалпыға ортақ болуы тиіс деген ұстанымдағы жігіт тәртіп сақшыларының өзін тәртіпке шақырып жүр. Мұны білетін аймақтағы жүргізушілер оған бейне, фото айғақтар жіберуді әдетке айналдырған.

Шымкент қаласының тұрғыны Бахадыр Чапаев көлігіне орнатқан бейнебақылау камерасы арқылы жолда тәртіп орнатуға тырысып жүр. Айтуынша, сол тәртіпті тәртіп сақшылары бұзатынын талай байқапты. 

Бахадыр Чапаев, Шымкент қаласы автомобильшілер қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

Менің өзімді бірде жол инспекторы тоқтатты. Себебін сұрағанымда, «Себеп жоқ»,- деп жауап берді. Мен оларға бұл заңға қайшы екенін айттым. Негізі жол сақшылары жиі заң бұзады, өздері. Біздің қоғамдық бірлестікке бейнетүсірілімдер көп келеді. Бірақ барлығын бірдей дәлелдеу қиын. Дегенмен мен өзім дәл жол сақшыларының 54  заң бұзушылығын дәлелдеп, олар айыппұл төледі.

Мәселен, мына суретте жол сақшысы көлігін тура аялдама алдына қалдырып кеткен. Бахадыр куә болған жағдайлардың бұл бірі ғана. Ал Алматы қаласының тұрғыны түсіріп алған мына бейнекөріністе көлік басқарып келе жатқан жол полицейі ұялы телефонмен еркін сөйлесіп отыр. 

Ал Өскемен қаласында көлікке орнатылған бейнебақылау камерасы үлкен іске айғақ болып тұр. Осы уақытқа дейін айыпты деп саналып келген жүргізуші ақталуы мүмкін. Бейнежазбада полицей тізгіндеген УАЗ автокөлігі бірден бұрыламын деп, қатарласа келе жатқан "Лада" көлігіне соқтығысқан. Ал сақшы "Лада" маркілі көліктің иесі ара қашықтықты сақтамады» деп хаттама толтырған.

Бақытжан Торғаев, ШҚО ІІД баспасөз қызметінің басшысы:

Бұл іс бойынша қосымша анықтау жұмыстары жүргізілді. Осы анықтау бойынша қызметтік автокөлікті басқарып келе жатқан қызметкерге жол ережесін бұзғаны үшін хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта бұл әкімшілік материал объективті қарау үшін әкімшілік сотқа жөнелтілді.

Көлік тізгіндеген жүргізушілердің айтуынша, жол  қауіпсіздігін көбіне полицейлердің өздері жиі сақтай бермейді.

Мадияр Досмаханбетов, көлік жүргізуші:

Көп жағдайда ГАИ қызметкерлерінің өздері ремень тақпайды. Сосын телефонмен сөйлесіп жатқан көп жағдайларды көргем мен өзім. Кейіннен барып  фар да жақпайды, мысалы. Бәрімізге бірдей ғой ортақ заң. 

Асқар Сәтпаев, көлік жүргізуші:

«Қызылға» кіріп кетіп, ары қарай өтіп кете салады. Немесе бірінші полосада тек қана поворот болатын болса, олар тіке ұра салады. Сонда олар біздің заң бұзбағанымызды талап етеді де, өздері бізге «үлгі» көрсетеді де, былайша айтқанда.

Мұндай келеңсіздіктерге бей-жай қарай алмаған белсенді студент әр аймақтардағы жол патрульдік полиция қызметкерлерінің ережені өрескел бұзу жағдайларын нақты айғақпен дәлелдеп, ішкі істер департаменттеріне хатпен жолдап жүр. Бахадырдың айтуынша ең көп заңбұзушылыққа жол беретін Астана сақшылары.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ