Мемлекеттік
қызметкерлердің сыйлық алуға құқы жоқ! Шенеуніктер енді тарту-таралғының көлемі
мен құнына қарамастан, берген адамның
қолын қағуға міндетті. Жаңа ережені Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі енгізіп отыр. Тосын сыйға тыйым салу жемқорлыққа тосқауыл бола ала ма? Заңғар Санайдың бейнематериалында.
Жаңа
жылдан бастап ел шенеуніктері жаңа ереже негізінде жұмысқа кіріспек. Құжатта
мемлекеттік қызметкерлердің мүлдем сыйлық алуға болмайтындығы анық көрсетілген.
Қарапайым қағиданы ұстанған шенділер, мысалы, мына секілді тарту-таралғыдан бас
тартуы тиіс. Ал оны алған адам сыйлықтың құнына, көлеміне қарамастан, жазаға
тартылады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Заң
ережелеріне сәйкес сыйлықтарды алу сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерге
жатқызылып отыр. Мемлекеттік қызметкерлерге арналған жаңа құжат 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Майкен
Базгенова, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті
басқарма басшысының орынбасары:
Егер екі айлық есептік
көрсеткіш мөлшерінде болса, заңмен рұқсат етілген, алайда сыйлықтардың құны
көбінесе асып кетеді. Себебі
қазіргі таңда екі айлық көрсеткіш сонша көп сомма емес ғой.
Бұл
талапты әлеуметтік сала өкілдері де бұлтартпай орындауға міндетті. Өзгерісті
ертерек енгізу керек еді, - дейді өскемендік дәрігерлер. Гиппократ антын
қабылдаған ақ халаттылар алғыс білдірушілер арзан сый-сияпатпен дәрігер атағына
нұқсан келтіретіндігін айтады.
Рая
Рахимова,
Шығыс Қазақстан облыстық ана мен бала орталығының директоры:
Науқастарды қарап жүрсем, қолында дорбасы бар жас жігіт
жүгіріп келіп маған сыйлық ұсынды. Дорбасында аққайнар, коньяк пен қораптағы
кәмпит жиынтығы салыныпты. Мен әлгі адамды тоқтатып алдым да, сіздің әйеліңізді
мас дәрігер немесе акушер маманы босандырып алғанын қалайсыз ба, деп сұрадым. Жоқ. Ендеше неге мұндай сыйлық әкелдіңіз, дедім. Мен тарту-таралғы
дегенге мүлдем қарсымын. Соңғы жылдары біздің айлығымыз едәуір өсті. Мұндай
арзан сый-сияпат дәрігер беделін төмен түсіреді деп ойлаймын.
Алдағы
уақытта арзан сыйлықты алған да, берген де жазадан құтылмақ емес. Мәселен,
серіктестік басшысы қалалық тұрғын -үй
және коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысына жалғыз қорап тәттіні
бергені үшін жазаға тартылды.
Ләззат
Байғожина, Қостанай
облыстық сотының баспасөз қызметкері:
Қостанай
қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен 1951 жылы туған азамат
ҚР ӘҚБ кодексінің 676 бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Айыпталушы 200 АЕК, яғни 396 мың теңге мөлшерінде айыппұл салу түрінде жазаға
тартылды.
Агенттіктің
сыйлыққа тыйым салу талабына қатысты ел арасындағы пікір қақ жарылды.
Кәмпиттен басқа ештеңе сыйламаймыз.
Қанша жылдан бері беріп келе жатқан нәрсе. Онда тұрған ешқандай әкетіп бара
жатқан несі жоқ. Сол бір сый-құрмет қой.
Үлкен керемет сыйлықтар бермеу керек енді. Оған келісемін.
Бермеу керек сыйлықты. Әркім өз еңбегімен тапсын.
Тың
реформа жүзеге асқан соң, қымбат сағаттан бастап шетелдік көлікке дейін сияпат
көрген талай шенеуніктер сап тыйылуы мүмкін.
Заңғар САНАЙ