Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қызықтыратын нарық...

AstanaTV
04.06.2016ж. 20:00
2395
Қызықтыратын нарық...

Былтырғы күзден бері АҚШ ақшасының қымбаттауы баспана құнына, жалпы жылжымайтын мүлік нарығына да үлкен өзгерістер алып келді. Табысы, жалақысы өспеген адамдар үшін екі алақанын ысқылайтындай өзгеріс емес. Әйтсе де кей біреулер үшін қолайлы болды дейтіндей өзгеріс. Бірнеше пәтері барлар баспанасының бірін «өзім тұрып жатқан жоқпын ғой» деп сатып жіберіп, ақшасын салынып жатқан үйлердегі екі пәтерге құйып жіберетін, бір сөзбен айтқанда белгілі-бір топтың түрлі варианттар арқылы пайдасын еселейтін сәті. Жалпы, баспана құнына қатысты өзгерістер ешнәрсеге қарамастан, әрбір дерлік ересек адамның есінде үнемі тұратын нәрсе. Яғни, қалтасында ақшасы бар адамды да, артық ауыс қаржысы жоқ қарапайым жанды да қашанда қызықтырып отыратын нарық. Сондықтан бұл нарықтағы ахуалға біз де үңілуді жөн көрдік. Берік Хасеновтің материалы.

Баспана көптеген қазақстандықтардың ең үлкен проблемасы болса, халықтың басқа бөлігіне бұл сала қызып тұрған бизнестің көзі. Соңғы уақытта еліміздің жылжымайтын мүлік нарқы құбылып-ақ тұр. Көк қағаздың құнының артуы пәтер бағасының төмендеуіне әкеп соққан.

Енді сандарды сөйлетсек. Биыл ақпанның екісінен бастап жылжымайтын мүліктің бағасы доллармен емес, теңгемен көрсетілетін болды. Осының әсерінен көк қағазбен көрсетілген бағалар 30 пайызға төмендесе, теңгемен көрсетілген бағалар 34 пайызға артқан. Сарапшылар бұл көрсеткішті тарихи оқиға деп атайды. Ал, биылғы наурыз айында қай валютада көрсетілгеніне қарамастан, жылжымайтын мүліктің құны 10 пайызға құлдыраған.

Алина Буравцева, «Крыша.kz» сайтының сарапшысы:

Қазір біз нарықта тарихи үрдісті байқаудамыз. Сатушылар бағаны теңгемен көрсеткенімен, құнын доллардың бағамына қарап қойып жатыр. Соның салдарынан осы нарықтағы ұсыныстың 70 пайызын құрайтын Алматы мен Астана қаласында 1 шаршы метрдің құны 450 теңге жеткен сәттер де болды. Бірақ, баға қайткенімен сәуір айынан бастап тұрақтана бастады.

Шаршы метрлер бағасы шарықтағандықтан сауда-саттық келісімшарттардың көлемі азайған. Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, биыл жыл басынан бері ай сайын республика бойынша орта есеппен 13-14 мыңдай нысан сатылып отыр. Олардың 10 мыңға жуығы пәтерлер болса, 4 мыңнан астамы жекеменшік жер үйлер. Сауда мүлде төмендеп кеткен өңірлердің тізімін минус – 22 пайызбен Ақтөбе облысы, одан кейін  минус – 16,5  пайызбен Атырау облысы бастап тұр.

Инна Пчелянская,  «Крыша.kz» сайтының сарапшысы:

Ұсыныстың артуынан бұл нарық толық болмаса да тұралап қалды. Келісім шарттардың көлемі азайды. Азаматтар қолындағы ақшасын жұмсамай тиімді уақытты, қолайлы жағдайды күтті. Соның салдарынан сатушыларға бағаны төмендетуге тура келді.

Бұл біздің қонақ бөлмеміз. Өте кең, ыңғайлы әрі кең

Бұл - Майра Ақбердиева. Шымкент қаласының тұрғыны. Доллардың шарықтауынан айтарлықтай пайда көрген. Көп қабатты үйдегі құрқылтайдың ұясындай ғана 1 бөлмелі пәтерін сатып, хан сарайындай кең үй  алған. 2002 жылы баспанасын 3 жарым мың долларға сатып алған әйел 2015 жылы оны 32 мың долларға сатып жіберген. Кейін осы ақшаға  құрылысы аяқталмаған, көлемі 150 шаршы метрді құрайтын жер үйді алған. Нарықтағы ала сапыранның арқасында бүгінгі күні 8 бөлмелі баспанаға қол жеткізіп отыр.  

Майра Ақбердиева, Шымкент қаласының тұрғыны:

Бір бөлмелі үйімді сатып, бітпеген жер үй алған болатынмын. Міне жөндеу жұмыстарына да жеткіздім ақшамды. Бұл доллардың көтерілуі мен үшін өте сәтті болды. Қонақ келсе қайда отырғызарымызды білмей қиналатынбыз. Ал мына үй өте кең, еш қиналмаймыз. Әр нәрсе өз сәтімен болады. Өте сәтті болды бұл сатып алуым.

Үнемі  жылжымайтын мүлік нарығындағы ахуалдан хабардар болып  жүретін,осы нарықтың қашанда бел ортасынан табылатын риелторлар дейтін қауым бар. Олар да бүгінде сатып алушылардың талғамы өзгергенін айтады. Қазіргі күні жаңа пәтерлерге немесе элиталық баспаналарға қарағанда, өткен ғасырдың аяғында яғни, 80-90-шы жылдары бой көтерген үйлерге сұраныстың артқаны байқалуда. Әсіресе, ел аузында «спальный» деп аталып кеткен аудандара орын тепкен баспаналардың бәсі артқан. Мамандардың пікірінше, мұндай пәтерлердің бағасы да тиімді, құжаттарында да шикілік болмайды екен.

Айнагүл Шманова, риэлтор:

Бүгінгі күні адамдардың сұранысы осындай шағын аудандарға артқан. Ол 2-і мен 4-қабат аралығындағы көлемі 35-60 шаршы метр болатын  1-2 бөлмелі пәтерлер. Біріншіден, олардың бағасы өте тиімді, екіншіден, олардың құжаттары дұрыс. Қазіргі таңда 3-4 жыл бұрын берілген жаңа үйлердің өзіндегі баспаналардың құжаттары әлі жасалмаған жағдайлар жетерлік. Бұл әсіресе ірі қалаларда қалыпты жағдай.

Десек те, Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясы -2017 жылға қарай жаңа пәтерлердің жетіспеушілігі орын алуы мүмкін,- деп топшылайды. Тіпті кей болжамдар бойынша биылдың өзінде пайдалануға берілетін жаңа комерциялық тұрғын үйлердің көлемі 50 пайызға азаймақ. Бұл-  экономикалық жағдайдың қиындауына байланысты көрінеді. Құрылыс компаниялары бұрын бастаған құрылысты қалай болса да аяқтауға асық. Ал, болашақта жаңа құрылыстарды жүргізу туралы жоспарды әзірге құра қоймаған. Өйткені болуы ықтимал қауіп-қатерді болжау қиынның қиыны.

Ермек Мүсірепов, Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті:

Бүгінгі күні құрылыс индустриясы тоқырау жағдайында тұр. Оған әрине валютаның құнсыздануы себеп. Салдарынан құрылыс материалдарына баға екі есеге өсті. Бұл әр шаршы метрдің құнының артуына әкеледі. Өйткені, құрылыста қолданылатын материалдардың 70 пайыз шетелдік, 30 пайыз отандық. Ал, шетелдік зат шетел валбтасымен бағаланатынын ұмытпаңыздар.

Елімізде соңғы 15 жылда жылжымайтын мүліктің бағасы 25 есеге өскен. Мысалы, 2000 жылдары жаңа тұрғын үйдің шаршы метрі 24 мың теңге жуық болса, 2015 жылы баға 258 мыңның төңірегінде болып, яғни 1 300 пайызға артып отыр. Ал, ескі тұрғын үйдің бағасы 9,5 мыңнан 190 мыңға ұлғайып, оның өсімі 2 500 пайызды құрап отыр. 2016 жылдың екінші жартысында сарапшылар жылжымайтын мүлік нарығында баға тұрақтанады деп болжайды. Десек те, баға валюта бағамына байланысты екенін ескертеді.

Берік Хасенов, Айзада Төребекқызы  "Біздің Уақыт"