$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Кетпен музейге?

AstanaTV
26.12.2015ж. 20:30
1935
Кетпен музейге?

Енді «кетпен музейде тұруы керек экспонат» деп ойлайтын шенеуніктердің шешімі туралы Еркін Кариннің материалы. Ауыл шаруашылығы субсидияларының «серенадасы».

Әр гектар үшін төленіп келген субсидия сала-салаға байланысты түрлі көлемде таратылған-ды. Мәселен, майлы дақылдар үшін 5000 теңге төленсе, көпжылдық шөптер үшін  9000 теңге. Ал бау-бақша баптағандарға 40 мың теңге көлемінде. Бұл жүйенің өте қолайлы екенін айтқан шаруалардың өздерін шөміштен қаққан министрлікке өкпесі қара қазандай.

Өтеген Мұртазин, шаруа:

Әр гектарына 9-10 мың теңге көлемінде субсидия бөлінетін. Бұл жем-шөп дайындауға қолайлы бағдарлама еді. Субсидияның тоқтауы мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларды тоқырауға ұшыратуы мүмкін. Мәселен, өз басым 120-130 миллион теңгеден қағылмақпын. Оған сүт пен етке бөлінетін ақшаны қоссаңыз, 200 миллион теңгедей қаражаттан айрылғалы отырмын.

Субсидиялардың қысқаруына депутаттар да қарсы. Олар бөлінген қаражаттың тиімділігін арттыру үшін өтірік ақпар жүйесінен құтылуды ұсынды. Субсидия бөлуде "бармақ басты, көз қысты" әрекеттер бар екені рас. Бірақ оны бірден шорт кессе, шаруаның күні қараң болмақ.

Гүлнәр Сейтмағамбетова, ҚР Мәжіліс депутаты:

Шөп дайындау өте өзекті болып табылады. Басқа аймақтардан мысалы, Маңғыстау облысына сонау Ақтөбеден, Оралдан шөп тасымалдау өте қымбатқа түседі. Жергілікті шөп дайындаушыларға бюджеттен ешқандай субсидия қаралмаған.Қыста малдардың көпшілігі мал азығы болмағандықтан қырылып қалатын жағдайлар болады.

Нұртай Сабильянов, ҚР Мәжіліс депутаты:

Қостанайдағы кәмпит шығаратын кондитерлік фабрикаға 600 млн.дай инвестиция жасаған екен де, 300 млн. теңгеге субсидия алған. Оның ауыл шаруашылығына қандай қатысы бар былай қарасаңыз? Ал осы алған инвестиция Шығыс Қазақстан облысының 188 шаруа қожалығы алған инвестицияның 50 пайызы екен. Міне, әділетсіздік болмай ма осындай жерде?

Сонымен Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта инвестициялық және ғылыми бағыттағы қожалықтар қаржыландырылады деп шешті. Субсидия алмаса да, пайдамен жұмыс істейтін Жаңа Зеландия мен Австралияның шаруаларын үлгі еткен шенеуніктер бұл екі елдің өз шаруаларына осыған дейін мықтап көмектесіп, бүкіл мәселесін шешіп бергенін, сондай-ақ, жауын-шашын көлемі бізден екі есе көп, әрі аязды қысы жоқ мамыражай климатта тірішілік ететін шетелдік фермерлердің жылына екі рет өнім алатынын ескермесе керек.

Роман Мадинов, ҚР Мәжіліс депутаты:

Ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияларды көбейту арқылы бидай экспорттаудан әлемдегі ең үздік ондықтың қатарына ендік. Ал ұн экспорты бойынша әлемде 1-болып тұрмыз. Өйткені, шаруалар мемлекеттің көмегіне сенді. Енді оларды шөміштен қыссақ, еңбек зая кетеді. Естеріңізде ме, 2009-жылғы дағдарыс кезінде ауыл шаруашылығында ғана ілгерілеушілік байқалған еді. Енді қарқыннан айырыламыз ба?

Өз әскерін асырамаған ел жау әскерін асырайды. Бұл тәмсіл ауыл шаруашылығына да қатысты. Мысалы, Ресей мен Беларусь елдеріндегі субсидия мөлшері біздегіден бірнеше есеге көп.

Қатаулла Ашығалиев, шаруа:

Қазақстан жалпы өнімнің 4 пайызына ғана субсидия қарастырып отыр, ал Ресейдікі - 10, Беларусь елі 18 пайызды қамтиды. Егер біздің еліміз субсидияны мүлдем тоқтататын болса, өзге мемлекеттердің аграрлық секторын гүлдентеміз.

Мал өсірумен айналысқанына 20 жылдан асқан Қатаулла Ашығалиевтың қорасында екі мыңдай ірі қара, жеті жүздей жылқысы мен бірнеше отар қойы бар. Иелігіндегі 50 мың гектар жердің 20 пайызы шабындық, қалғаны - жайылым. Егер мал азығына берілетін субсидия тоқтаса, шаруашылығым тоқырайды, - дейді ол. Ал шенеуніктер мұның агроөнеркәсіп саласындағы негізгі өзгеріс деп отыр.

Полатбай Тастанов, ОҚО ауылшаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Неғұрлым  мәдениетті, ғылыми негізделген  жұмысты жасасақ ауыл шаруашығының қайтарымы мол. Жердің мәдениетін көтеру, оған түрлі жаңа техника, технологияларды пайдалану бойынша енгізсе оған тиісті қолдаулар көрсетіледі.Ал бірақ жалпы бұрын мынадай дақыл ектім, осыған мынандай субсидия берілу керек деген кесімді қаржы берілмейді. Бұл өзінің тиімсіз екені, өміршең емес екенін көрсетті.  

Ғылыми әдіс, мәдениетті көзқарас дегенді жыл он екі ай бойы малдың соңында, немесе кетпенін құшақтап желдің өтінде жүрген шаруаларға айтып көріңіз.  Қыста аяз қысса, малы көтерем. Ал тамшы тамбаған аптап ыстықта егіннің шығымы нашарлайды. Жыл сайын фермерлердің 25 пайызы осыдан зиян шегеді екен.  Ал  жалпы, өнімнің 60 пайызы климаттың қолайлылығына байланысты. Бірақ еліміздегі климат шенеуніктерге Жаңа Зеландиядағыдай болып елестейтін сияқты. Шаруалар мен диқандар субсидиялау жүйесін реформалауға дайын еместігін жеткізгенімен, бекітілген құжатты шенеуніктер өзгертпейтінін ашық айтып отыр.

Сапархан Омаров,  ҚР ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

Субсидияларды өзгерту, қолдану мәселелері бүгінгі күні толық шешілген. Енді осының заңды түрде құжаттарын дайындау жұмыстары жүріп жатыр.

Нан мен ет тек фермерлер үшін басты тауар емес. Шаруаларды тығырыққа тіресе, тіршіліктің «сіңірі» шыға бастайды. Себебі қарапайым адамдардың австралиялық мәрмәр етті алып жейтіндей табысы жоқтығы ескерілмей отыр... 

Еркін Карин, Заңғар Санай, Айзада Төребекқызы, Наурыз Халит «Біздің уақыт».