$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қолдан жасалған ойыншықтар...

AstanaTV
26.12.2015ж. 20:30
6813
Қолдан жасалған ойыншықтар...

Колдан жасалған ойыншықтар. Мейірімге бөлейтін сиқыры бар. Сондай ойыншықтардың неше түрі Айжан Қуаштың арнайы репортажында. 

Теміртаудың тарихи-өлкетану мұражайы жайнап тұр. Әдетте біз қоқысқа лақтыра салатын бөтелкелер, жанып кеткен шамдар, сөреде жататын ескі шұлықтар, тозған киімдерден қиылып алынған маржан, түймелер мен кәдімгі макарондар жылт-жылт еткен ойыншықтарға айналған. Жаңа жылдық әшекейлер  кәсіпорын өнімдерінен асып түспесе, еш кем емес. Жаңа жылдың ғажайып әлемі әсіресе, балаларды  шат-шадыман етті.

Көрменің төрін әрине, келе жатқан жаңа жыл нышаны мешін иемденді. 14 жастағы Диана қоңырқай маймылдарды құрбыларымен бірге тіккен. Дүкенде 3 мың теңгеден жоғары бағаға сатылып жатқан ойыншықтарды әжесінің сандығында жатқан мата қиындыларынан-ақ жасап алыпты.

Диана Сыдықова, көрмеге қатысушы:

Бұларды жасауға көп ақша кетпейді. Осы 2016 жылы табыс әкенсін, қарнымыз тоқ болсын ,-деп маймылымызға банан ұстатып қойдық.

Көрмеге тілсіз болып жаратылса да, өнерге құштар Ариша Саян да қатысты. Мылқау қыз жүннен мультфильм кейіпкерін жасап әкелген.Көкейіндегісін жазып жеткізді.

Ал, ұзындығы 4 метр  жалтырауық тізбекті тізуге бүкіл бір сынып оқушылары ат салысыпты. Томпақ  бүлдіршіндердің ол үшін қанша кәмпит жегендерін кім білсін? Бірақ, мақсаттарына жеткен.

Жаңа жылдық ойыншық жасау кез-келген адамның қолынан келеді. Мысалы, мынадай Ақшақар жасау үшін үйде бар ақ шұлықтың іші күрішке толтырылған. Кейін оны кейіпке келтіріп, беттерін анықтау үшін арнайы моншақтар жапсырамыз. мұндай сүйкімді ойыншықтың кез келген отбасына қуаныш сыйлайтыны анық.

«Мә,қарашы мына ойыншыққа. Мынау жіптен жасалған шығар.Иә».

Көрме көрермендердің көңілін көтеріп қана қоймай, ойлантып тастады. Бала екеш балалардың өзі тұрмыстық қалдықтарды оңды-солды шашқанша, бір керекке жаратуға болатынын түсінгендей.

Бексұлтан Бекмұрзаев, көрермен:

Мен осы көрмеде әртүрлі қоқыстарды мусорға тастамай, ойыншықтар жасауға болатынын білдім.Қағаздарды мусорға тастамай,содан ойыншық жасауға тырысамыз.

Салтанат Оспанқұлова, көрермен:

Қазіргі заманда мына нарықтың кезінде қалдық заттардан ғажайып нәрсе істеуге болатынын, ой түйді балалар,міне.

Дағдарысқа қарсы «Жаңашыл жасыл шырша» сайысына небәрі екі айдың ішінде 4 жүзден астам ойыншық тапсырылған. Мұражайшылар бұрын азаматтардан мұндай ерекше белсенділікті байқамағандарын айтады.

Лейла Әлікеева, Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайының бас қор сақтаушысы:

Енді осы дағдарыс кезінде біздің көрме адамдарға көп идея береді деп ойлаймыз. Үнемдеуге,жоқтан бар жасауға.Шырша ойыншықтарын жасайтын фабрикаларға осы сайыстан кейін ұсынатын идеяларымыз көп.

Жаңа жылдық шығынды үнемдеуге алматылықтар да үйреніп жатыр. Дөңгелек сататын сауда орталығы Райымбек даңғылының бойына істен шыққан шиналардан шырша орнатты. Әрі жарнама, әрі, көшеге көрік беріп тұр.Биіктігі 6 метр. Белсенділер безендірілген шыршаның қалалықтардың көңілін көтеріп қана қоймай, үнемшілдікке шақыратынына сенімді.

Динара Ниязова, көлік дөңгелектерін сату орталығының маманы:

Жаңа жылда қала тұрғындарының көңілін көтергіміз келді.Бір қарағанда оңай жасалған дүниедей көрінеді.Бірақ, ескі дөңгелектерді тегістеп, сырлауға көп уақыт кетті. Дегенмен,шығын аз,есесіне, әдемі. Тұрғындар қызықтап,қасына суретке түсіп жатады.

Креативті адамдардың «дағдарысқа қарсы идеясы» расында ойлантады. Түлкі заманда, тазы болып шалудың қажеті жоқ, үнем режиміне көшу керек.  Және онсыз да үнемшіл қарапайым адамдар ғана емес.

Айжан Қуаш, «Біздің уақыт».