$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Шығыс Қазақстан облысының бірқатар ауылдары қар құрсауында қалды

AstanaTV
28.12.2015ж. 20:00
2495
Шығыс Қазақстан облысының бірқатар ауылдары қар құрсауында қалды

Шығыс Қазақстан облысындағы бірқатар елді мекендер 5 күннен бері қар құрсауында қалған. Осыған орай төтенше жағдайлар қызметінде жедел штаб құрылды. Сыртқы әлеммен байланысы үзілген елді мекендерге азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу жоспарланған. Бүгінде республикалық және облыстық маңызы бар күре жолдар жабық. Барлық бағыт бойынша құтқару шаралары жүргізілуде.

Мына әуесқой түсірілімде қар қабатының биіктігі 5 метрден кем еместігі айқын көрінеді. Құтқарушылар арнайы техникалардың жолдарды тазалап үлгермей жатқанын айтуда. Алматыдан Өскеменге бағыт алған 5 автобус пен бірнеше жеңіл көлік бүгін таңертең тоқтатылған. Ал Өскемен-Зырян және Өскемен-Риддер тас жолында жүргізушілер жеңіл көліктерді омбы қардан аршып алып жатыр. Мамандардың айтуынша, "Дауылды ескерту" хабарламасына қарамастан, жүргізушілер жолға шығуын тоқтатар емес.

Амангелді Шегетаев, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:

Тұрғындар ескертуге мән бермейді. Сосын бізге хабарласып, қауіпсіз жерге көшіруді сұрайды. Біз техниканы емес, адамдарды ғана құтқарамыз. Осылайша көп жағдайда техника қар астында қалады.

Қар құрсауында қалған тұтас ауылдар да бар. Қалың қардан үйлердің шатыры ғана қылтиып көрінеді. Быструха, Секисовка, Черемшанка елді мекендерінің тұрғындары бірлесіп жүріп, қар үйінділерін тазалауға кіріскен. Быструха ауылының тұрғыны өзі түсірген бейнетүсірілімді арнамызға жолдапты.

Ал Өскемен қаласында жолдар таза, ауа температурасы 3-5 градус жылылықты көрсетуде. Ара тұра жауын жауып тұр. Көнекөз қариялардың айтуынша, мұндай түсініксіз ауа райы бұл аймақта  көптен бері тіркелмепті.