Теңгенің шетел валюталарына
қатысты айырбас бағамының тұрақсыздығы барлық салаға қиыншылық әкелді. Мәселен,
Елордада мемлекетік бағдарламамен салынып жатқан тұрғын үйлердің шаршы метрі
қандай бағамен сатылары әлі белгісіз. Бұл туралы Астана қалалық мәслихатында
тұрғын үй құрылысы мәселелеріне арналған жиында айтылды. Құрылыс компаниялары
салынып біткен үйлердің бағасы өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді. Ал шаршы
метрлердің болашақтағы құны әкімдіктің шешіміне байланысты болмақ.
Гүлнәр Ибраембаева, «Елорда
даму» ЖШС бас директоры:
Ең соңғы сатылған екі тұрғын
үйдің бірінде бір шаршы метр, әкімдік бекіткендей, 274 500 теңгеден, екіншісінде
245 мың теңгеден сатылды. Бүгінгі бағам біздің баға саясатымызға әсер етпейді.
Өйткені ол теңгемен бекітілді. Және ескі бағаммен салынған тұрғын үйлер құнын
көтеруді жоспарлап отырған жоқпыз.
Қалалық құрылыс басқармасы жыл
соңына дейін жас отбасылар жалдамалы баспана және тұрғын үй құрылыс жинақ
банкі арқылы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 3634 пәтер, немесе 190 мыңнан
астам шаршы метр баспананы тапсыруды жоспарлап отыр. Алайда, бұл сұраныстан 12 есе аз.
Эльмира Қабыланбаева, ТҚЖБ
орталық филиалының директоры:
Осы жылдың екінші жартысында
біздің банк арқылы 400-ге жуық пәтер берілді. Алайда баспана алуға мүмкіндігі
жететін тізімде азаматтардың саны бес
мыңнан астам.