Кеше
түс ауа басталған Ақтөбедегі лаңкестік шабуылдан 17 адам қаза тапты, 38-і
жараланған. Облыс аумағында террорлық қауіптің қызыл деңгейі енгізілді. Ал
бүгін Қазақстан бойынша 40 күнге лаңкестік қауіп-қатердің сары деңгейі
енгізілді. Қазір Ақтөбеде қоғамдық көліктер мен медициналық мекемелер штаттық
режимде жұмыс істеп тұр. Автобустарда өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың
халықты сабырға шақырып, сақ болуға қатысты айтқан үндеуі үздіксіз
берілуде. Бала-бақшалар жабық. Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру да кейінге
шегерілді.
Ақтөбенің
бірнеше ауданында болған атыс-шабысты қала тұрғындары бірден видеоға түсіріп,
әлеуметтік желіге жүктеп үлгерді. Ал бүгін қала интернеттен ажыратылған.
Телефон байланысы әлсіз. Содырлар салған сойқаннан 17 адам қаза тапты. Оның
12-сі лаңкестер, - дейді Ішкі Істер министрлігі. Екі адамның ауруханаға
жеткізілгенін жедел жәрдем қызметі растады. Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік
даму министрі Тамара Дүйсенова кешеден бері 38 адам жараланғанын айтты.
Тамара
Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:
38
человек получили медицинскую помощь за этот период. Двое скончались, 15 человек
с лёгкой степенью тяжести получили помощь на уровне приёмного покоя и
направлены на амбулаторное лечение. 20 человек госпитализированы. Из них 14
прооперированы, и трое сейчас находятся на операции, у девяти состояние тяжелое.
Түлектердің
қауіпсіздігі үшін кеше екі пункттегі Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу мерзімін
7 маусымға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Ата-аналар мен ұстаздарға қажетті
мәліметтер берілді. Ал басқа жерлерде ҰБТ кестеге сай өтеді. Дегенмен, Үкімет басшысы Білім министріне оқушылардың
басы-қасында болуды тапсырды.
Ерлан
Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
Егер сіздің тарабыңыздан
тапсырма болатын болса, онда мен Ақтөбеге өзім барып, жағдайды бақылауға аламын.
Барыңыз, жиналыстан кейін ұшып
кетіңіз. Облыс әкімімен бірлесіп, бұл мәселені бақылауға алыңыз.
Ал
өңір басшысы облыста қоғамдық-саяси жағдай тұрақты және жергілікті атқарушы
және құқық қорғау органдарының толықтай бақылауында, деп мәлімдеді. Айтуынша,
өңірлік жедел штаб құрылған. Ішкі істер департаменті бастығының қарауында
лаңкестікке қарсы орталық жұмыс істеп тұр. Барлық коммуналдық қызметтер,
қоғамдық көліктер, медициналық мекемелер жұмысын тоқтатқан жоқ.
Бердібек
Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:
Қарақшылық
шабуыл туралы мәлімет келіп түскеннен кейін, жергілікті баспасөз, әлеуметтік
желілер арқылы халыққа сабырлық танытып, ғимараттан шықпау, жүрісті азайту
туралы мәліметтер берілді.
Қазір
елдегі барлық қару-жарақ сататын дүкендер уақытша жабық. Ақтөбедегі лаңкестер әскери бөлім мен
қару-жарақ сататын екі дүкенге шабуыл жасаған болатын. Бір дүкендегі сатушы мен
күзетшіні жайратып салған. Ал екінші дүкенде тұтынушы оққа ұшты. Тағы бірі
жараланды. Содан соң қаруланған лаңкестер автобусты басып алып, әскери
бөлімнің дуалын бұзып өткен. Атыстан үш
адам ажал құшты. 6 әскери жараланды. Қаза болғандардың аты-жөні әлі де
анықталып жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ақтөбеде сойқан
салғандар - теріс діни ағымды ұстанған радикалдар.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ