Қолайсыз
ауа райының салдарынан Қазақстанның 6 облысында жол қозғалысына шектеу
енгізілді. Төтенше жағдайлар комитеті халықты алыс жолға шықпауға шақырады.
Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан
облыстарында қатты боран соғып, көліктер
қозғалысы қиындаған. Жол жабық екеніне қарамастан, сапарға шығып кеткен
жолаушыларды арнайы қызметтер құтқарып үлгермей жатыр. Ақтүтек боранның арты
неге әкеп соққанын тілішіміз баяндайды.
Қарқыны
сәт санап қатая түскен алапат боран Астана халқын әбден әбігерге салды. Қалада
көлік қозғалысы қиындап, кептеліс орын алған. Желге шыдас бермеген көше
бойындағы белгілер жайрап жатыр. Электр бағаналарынан бөлек үйлердің қылтималары
да құлаған.
Бұрқасын
боранның кесірінен Елорда әуежайында бірнеше әуе рейсттері ұшпай қалды. Соңғы
ақпарат бойынша 3 халықаралық рейс кейінге қалдырылып, біреуі мүлде тоқтатылды.
Республика ішіндегі 15 рейс таңертеңнен бері кейінге шегеріліп келеді.
Астананың көшелерін қардан тазартуға 2800 арнайы техника мен 2400-ге жуық адам
жұмылдырылған.
Төтенше
жағдайлар комитеті дабыл қағуда. Құзырлы орган халықты алыс жолға шығудан бас
тартуға шақырады. Қолайсыз ауа-райының салдарынан еліміздің алты аймағында тас
жолдар жабылған.
Руслан
Иманқұлов, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар
комитетінің ресми өкілі:
Қазіргі
таңда республиканың 6 өңірлерінде жолдар жабық. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан,
Қостанай, Жамбыл, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. Аталған
өңірлерде барлық жолдар ауа райының қолайсыздығына, яғни қалың қар, бұрқасынға
байланысты жабық. Халыққа үлкен өтініш - дабылды ескерту бар кезінде алыс жолға
шықпау.
Ескертуді
елемей, тас жолды жапқан тәртіп сақшыларын айналып өткен азаматтар алысқа
бармай ай далада қалған. Оған Шығыс Қазақстандағы жағдай дәлел. Өңірде бұрқасын
боранға байланысты барлық бағыттағы жолдар жабық. Алайда құтқарушылар әлі күнге
дейін тас жолда қалған адамдарды құтқарумен әлек. Аймақта төтенше жағдай
жарияланған ауылдар да бар.
Амангелді
Шегетаев, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:
Көкпекті
ауданы әкімінің шешімі бойынша Көкпекті ауданында төтенше жағдайлар
жарияланды. Қазіргі күнде жаңағы 9 ауылдық мекендерде, ауылдық округтарда жол
жоқ. Тамақты жеткізу бойынша, жанармай
жеткізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қардың көп түскенінен, бораннан көрінбейді.
Синоптиктердің
алдағы күндерге жасаған болжамы қуантарлық емес. Қазақстанның барлық
аймақтарында тұрақсыз ауа райы
сақталады. Қар, бұрқасын, тұман, көктайғақ және желдің күшеюі күтіледі,- дейді
мамандар.
Саида
Бердібекова, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:
Алдағы
уақытта атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты, тұрақсыз ауа райы
сақталады, өзімен бірге қар алып келеді. Және бұрқасын сақталады, республиканың
солтүсітігінде, орталығында, шығыс аймақтарында желдің күші 15-20 м/с-қа
дейін жетеді.
Тоқтаусыз
соққан боранның кесірінен Астана әлі ес жия алар емес. Әуе рейстері кейінге
шегеріліп, жолдар жабылғандықтан, қазір Елорданың теміржол вокзалындағы жағдай
жаға ұстатады. Ине шаншар жер жоқ. Жаңа жылдық демалысқа үйлеріне баруға бет
алған халық боранның салдарынан әлі де әбігерге түсері сөзсіз.
Берік ХАСЕНОВ