$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қарағандыда мыңға жуық көлік қар құрсауында қалды

AstanaTV
29.12.2015ж. 20:00
1607
Қарағандыда мыңға жуық көлік қар құрсауында қалды

Қарағанды облысында ери жауған қар мен боранның салдарынан жағдай ушығып тұр. Мыңға жуық көлік қар құрсауында қалды. Ең қауіпті аумақ Абай ауданында бүгін төтенше жағдай жарияланды. Аймақтағы тас жолдардың бірқатар бұрылыстары мен елді мекендері маңында 800-ге жуық жүк көлігі, 27 жолаушылар автобусы мен 150 жеңіл көлік қаңтарылып тұр. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері "жолда қалғандарды шығаруға бір кісідей  жұмылдық" деп отыр. Алайда, жолдарды толықтай аршу  мүмкін емес.

Облыстың басты тас жолдарында дөңестер көп. Ери жауған қардан жолдардың барлығын мұз басқан. Жүк көліктері бұл кедергілерден өте алмай қаңтарылып қалған. Бір ғана Спасск елді мекенінің маңында 80 көлік кептеліп тұр. Жол қазметінің мамандары арнайы ауыр техникалармен қарды аршуға тырысқанымен, жұмыс мандымай жатыр. Қала сыртында қарлы боран басылар емес.

Махмұд Хасанов, көлік жүргізушісі:

Жолға жауаптылардан қар тазалайтын техника жіберуін талап етеміз. Мұнда түнегендер де бар. Қаншама автобустарда әйелдер балаларымен отыр. Бір бөлке нан мың теңгеден сатылды.

Көбейсін Ақпаров, көлік жүргізушісі:

Жол қызметі жұмыс істеп жатқан жоқ. Құм, не тұз себілмеген.

Жолдарда бір бөлке нан мың теңгеден сатылды деген ақпаратты төтенше жағдайлар департаменті өкілдері растаған жоқ. Керісінше, жергілікті атқарушы билік тарапынан қар құрсауында қалғандарға құрғақ тағам түрлері, түскі ас пен нан, су жеткізілгенін айтты. Сондай-ақ жанар-жағармай  жеткізіліп, әскери ауыр техникалар көмекке келген. Балқаш қаласында біраз адам мектепке орналастырылды. Жер-жерде медицина қызметкерлері кезекшілікке шығарылған. Алайда, мұндай көмекке қанша адамның қолы жеткені белгісіз. Өйткені, жапа шеккендердің нақты саны анықталған жоқ.

Мұрат Қатпанов, Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарақаралы, Осакаров, Шет аудандарында жағдай қиын. Өте көп ауыл 100-ден астам елді мекенде қарым-қатынас болмай қалуы мүмкін. Адамдарға тамақ, нан беріліп, көмек көрсетілуде.

Қала ішінде де қарлы боран тұрғындарды әбігерге салды. Бірнеше көпқабатты үйдің шатырын ұшырып әкеткен. Бүгін Гоголь көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдің 150 шаршы метрдей шатыры сөгіліп, ауладағы ағаштарды жапырып өтті.

Айжан Қуаш, тілші:

Төтенше жағдайлар департаментінің 112 қызметіне қар құрсауында қалған 5 мыңнан астам адам қоңырау шалған. Мұндағы телефонд25арда дамыл жоқ. Ертең, 30 желтоқсан, тағы да орасан жылдамдықпен қарлы боран соғады деген ескерту жасалды. Яғни өңірдегі жағдайдың әзір түзелуі екіталай. Қазірдің өзінде барлық бағыттағы жолдар жабылған. 

Айжан ҚУАШ