Қызылжардағы үшінші қалалық
ауруханада кішкентай емделушілер дәлізде ем қабылдауға мәжбүр. Мұндай
келеңсіздік балалар инфекциясы бөлімінде орын алған.
Ғаламторда пайда болған мына әуесқой
түсірілімді жергілікті тұрғын жариялады. Онда баласымен бірге аталған
ауруханаға түскенін, қажетті ем-шараларды дәлізде қабылдауға келісім бергенін
айтады. Жас ана медбикелердің салғырттығынан өзгелерден ауруды жұқтырып
алғанына қынжыладын. Бөлімде карантин тәртібі енгізілгендіктен, емдеу
мекемесіне кіруге рұқсат жоқ. Сол себепті емделіп жатқан балалардың бірінің
анасымен телефон арқылы ғана тілдесуге мүмкіндік болды.
Шолпан Жақыпова:
Желтоқсанның 24-і күні
ауруханаға түстік. Қабылдар кезде
"дәлізде жатасыңдар" деп дәрігерлер ескертті. Мен оған келістім.
Себебі баламның дене қызуы 39 градусқа дейін көтерілді. Бізді арнайы боксқа
тек келесі күні ғана ауыстырды. Дәлізге өзгелерді орналастырды. Қазір онда 3
адам жатыр.
Аурухананың бөлім меңгерушісі
жатын орындары тапшылығынан осындай әрекетке бардық деп отыр. Өңірдегі жалғыз
инфекциялық бөлім 85 адамға шақталған. Ішінде оқшаулау бөлмелері аз. Ал оларды
бастан-аяқ тазалап шығуға кемінде жарты күн уақыт кетеді. Сондықтан орын
мәселесі аурухана басшылығының негізгі бас ауруына айналды, - дейді Елена
Коптяева.
Елена Коптяева, Петропавл
қалалық №3-ші аурухана балалар инфекциясы бөлімінің меңгерушісі:
Бізге күніне 25-30 адам түседі.
Әрбірі кемінде 5 күн емделеді. Барлығына орын жетпейді. Бұған қоса, науқастардың
ауруы әрқилы. Түрлі вирусты жұқтырған балаларды бір оқшаулау бөліміне жатқыза
алмаймыз.
Абзал ҚҰРМАНКИН