Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

2016 жылы мұнай бағасы қандай болатынын сарапшылар болжай алмай отыр

AstanaTV
31.12.2015ж. 20:00
1290
2016 жылы мұнай бағасы қандай болатынын сарапшылар болжай алмай отыр

Экономиканың өзге  салалары дамып жатқанымен, мұнайдың нарықтағы орны бір төбе. Биылғы ахуал мұны мықтап дәлелдеді. 2015 жылы «қара алтын» құнының қырық құбылуымен есте қалды.  Жаһандық нарықта мұнай құны оңбай құлдырап, мұның салқыны экономикасы мұнайға қараған елдерге тиді. «Мұнай құны қанша?»  деген сұрақ көпшілікті алаңдатумен болды. Бағаның құлдырауы бірнеше рет рекордтық көрсеткіштерге жетті. Мықты деген мамандар мен салмақты деген сарапшылар да бағаға болжам жасай алмай қалды. Айгүл Әдепбай тарқатады.

Мұнай майданы. Ұсыныс сұраныстан асып кеткен жағдайда тауар құны құлдырайды. Нарықтың қатал заңына «қара алтын» да төтеп бере алмады. Салдарынан экономикасы мұнайға маталған елдер абдырап қалды. Баға төмендеcе де, мұнай экспорттаушы елдер ұйымы өндіріс көлемін азайтқысы жоқ. ОПЕК-тің бас хатшысы Абдулла әл-Бадри желтоқсанның басында өткен жиында, мұнайдың тәуліктік өндіріс көлемі орта есеппен 30 млн баррель көлемінде қалатынын, өндірісті төмендетуге көпшілік елдер дайын еместігін, айтты. 

Абдулла әл-Бадри, ОПЕК бас хатшысы (04. 12. 2015 ж.):

Бізде Иран бар. Бірақ Иранның жаһандық нарыққа қашан шығатынын білмейміз. Сондықтан қазір нақты сандар туралы айту қиын. ОПЕК-те өндіріс көлемі ара-тұра өзгеріп тұрады. Соңғы шешім туралы бірдеме деуге де әлі ерте. 

Бұл тұста әркім өз қамын күйттеп отыр. Ал Иран мұнайды кез келген бағада саудалай бермек. Елдің мұнай министрі «Mehr» агенттігіне берген сұхбатында мұны анық ұқтырды.

Бижан Зангане, Иран мұнай министрі:

«Мұнай бағасы баррелі үшін 30 АҚШ валютасынан төмен түссе де,  Иран мұнай өндірісін тоқтата алмайды. Санкциялар алынған алғашқы күндері өндіріс көлемі тәулігіне 500 мың баррельді құрайтын болады. Келесі айларда көрсеткіш тағы 500 мың баррельге артады».

Иран санкциялар әсерінен жоғалтқан үлесін еселеп қайтаруға ниетті. Тегеран, «бейбіт атом» шығарып отырғанын МАГАТЭ мен «алтылыққа» дәлелдеу үшін, ұзақ жыл тер төкті. Сөйтіп мұнайын әлемдік нарыққа қайта шығаруға мүмкіндік алды. Иран шикізаты келмей тұрып-ақ, баға құлдырап кетті. Ал ендігі жағдайдың не боларын сарапшылар да болжай алмайды. 

Меруерт Махмұтова, сарапшы:

Иран мұнайын әлемдік нарыққа шығарғалы отыр. Сондықтан мұнай нарығында өндіріс көп, ұсыныс артты. Бұл, әрине, бағаға әсер етеді. Нақты болжам айту ерте. Дегенмен мұнайдың 10-15 жыл бұрынғы пәрменділігі әлсіреп жатыр.

Америка конгресі мұнай экспортына рұқсат беретін заң жобасын мақұлдады. Енді әлемдік нарыққа АҚШ мұнайы құйылмақ. «Мұнай бағасын ОПЕК емес, Америка реттеп отыр». АҚШ федералды қор жүйесінің бұрыңғы бастығы Алан Гринспен бір кездері Financial Times-қа берген сұхбатында осындай пікір білдірген. Тек кей сарапшылар «әлемдік нарықты АҚШ мұнайы жаулайды» дегенге сенбейді.

Ғалым Хуссейнов, сарапшы:

Бұл жаһандық экономикаға салмақ бола алмайды. АҚШ - мұнай импорттаушы ел. Яғни өндіргенінен тұтынатын көлемі көп. Сондықтан экспортқа шығаратын өнімі импорт күйінде ұлғаяды. Мұнай  бағамына бұл қатты әсер етпейді.

АҚШ-тың қатпарлы мұнай-газ өндірісінен күткен үміті  ақталмады. «Гардиан» басылымы 1 жыл бұрын 1500 болған ұңғымалардың 645-ке дейін азайғанын жазды.  Басылымның дерегінше, «қара алтын құны барреліне 70 АҚШ валютасына дейін көтерілсе ғана, қатпарлы мұнайдың болашағы болады-мыс».

«Қара алтын» құнының құлдырауы мұнай экспорттаушы елдердің көшбасшысы Сауд Арабиясына да салқынын тигізді. Бұл елде мемлекеттік кірістің 90 пайызы көмірсутек сатылымынан құралады. «Патшалықтың алтын валюталық қоры қысқарып жатыр», - деп жазады Bloomberg. Интерфакс болса, оның мөлшері 2000 жылдан бері 76 млрд риялға немесе 20 млрд АҚШ валютасына азайды, деп хабарлайды. ОПЕК мұнай өндірісі көлемін қысқартпайынша, баға көтерілмейді, сарапшылар болжамы осы. Ал оптимистік көзқарастағы мамандар 2016 жылы Қытай мен Азия-Тынық мұхиты елдері «қара алтын» тұтыну деңгейін арттырады деген ойда. Олай болса, мұнай құны барреліне 60 АҚШ валютасынан асуы да ғажап емес деп үміттенеді. Десе де, «мұнай бара-бара өз пәрменділігін жоғалтады» деген пікірлер де жоқ емес. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ