$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда ауруханаға «бомба қойылды» деген жалған ақпар тарады

AstanaTV
04.12.2015ж. 20:00
1296
Алматыда ауруханаға «бомба қойылды» деген жалған ақпар тарады

«Жарылғыш зат бар» деген ақпарат Алматыдағы №7 аурухананы дүрліктірді. Таңертең сағат 9-да қалалық жедел әрекет ету қызметіне  түскен телефон қоңырауынан соң, емдеу орнынан 1800 адам  шығарылды. Олардың 600-ге жуығы - науқас жандар. Өздері әзер жүрген адамдар жедел іздестіру тобы жұмысын аяқтағанша, далада күтуге мәжбүр болды. Аурухана әкімшілігі ауыр халде жатқан емделушілерді орнынан қозғамағанын айтады. Олар медицина қызметкерлерінің бақылауымен іште қалған көрінеді.

Врачтар келіп айтты. Жүре алатындарыңыз жүріңіздер, келе алмайтындарыңыз коляскаға отырыңыздар, деді. 

Бір жарым сағат болды далада жүргенімізге. Бомба қойылды деді, сосын сыртқа шықтық.

Оқиға орнына ішкі істер департаментінің «Арлан» арнайы жасағы мен құтқарушылар, сондай-ақ Наурызбай ауданының полицейлері жетті. Құқық қорғау органының қызметкерлері аурухана ғимараты мен оның аумағын жіті тексеріп, ешқандай сезікті зат таппады. Жалған ақпарат таратып, дүрбелең тудырды деген күдікпен Алматы облысы аумағында қой бағып жүрген бақташы құрықталған. Ол 23 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Енді оның қылмысы дәлелденсе, 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

Мал бағып жүргенде, бұзақылық әрекетпен осылай қоңырау шалдым деп, әлек айтуда. Бұл қылмыстық себеп салдары мен мән-жайы тергеу барысында анықталады. Жыл басынан бері Алматыда осы тәріздес 18 қылмыс тіркелген. Оның жетеуі сотталған.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ