Ақтөбеде медициналық қызмет
құны шамамен 17 пайызға артқан. Облыстық статистика департаментінің өкілдері
дәрі-дәрмек бағасының да соңғы 2 ай ішінде күрт өскенін айтады. Осыған орай
облыс басшылығы арнайы тексеру жүргізуді бастады. Алайда, аймақтағы денсаулық
сақтау саласына жауапты шенеуніктер жеке меншік емханаларға нұсқау бере алмаймыз деп отыр.
Дәрігер көмегіне
жүгінуге қаражат шақ келмейтінін ақтөбеліктер соңғы екі айда анық сезді.
Ертелі-кеш бір босамайтын мемлекеттік емханаларды жеке меншікке ауыстырғандар
тұрғылықты жеріндегі емдеу орындарына қайта оралып жатыр. Дәрі-дәрмектің құнын
былай қойғанда, жергілікті дәрігерлердің кеңесі де қымбаттаған.
Людмила Дуля, зейнеткер:
Барлығы қымбат. Біз сияқты
жүрегі ауыратын жандардың әрдайым тапсыратын қан, зәр сараптамасын анықтау,
кардиограмма құны да удай. Ай сайын тегін дәрі-дәрмек беріледі. Бірақ ол бізге
жетпейді. Өзіміздің зейнетақымызға қосымша сатып алуға мәжбүрміз.
Дәрігерлер мемлекет
қарамағындағы емханаларда ақылы қызмет көрсету құны жыл басында бекітілгенін
айтады. Сол бағаны ұстап тұрмыз,- дейді емдеу мекемесі басшылары.
Жексенби Көптілеуов, Ақтөбе,
қалалық № 6 емхананың бас дәрігері:
Амбулаториялық-емханалық
көмектерді ұйымдастырған уақытта, олардың құндары тарификатормен бекітіледі. Ал енді ақылы қызметтің құны сол тарификатордан артық болғаны, ол халықтың
қалтасына шамалы ауыр соғуы мүмкін. Сондықтан біз өздеріміздің шығындарымыз
кететін тарификация көлеміндегі қаражаттың көлемімен ақылы қызметтің құндарын
бірдей қылып ұстаймыз.
Қызмет құнын шығындардың
көлемімен есептейтін жеке емдеу мекемелері, шетелден келетін дәрі-дәрмек бағасы
көтерілгенін, алға тартады.
Айдархан Самаев, медицина
орталығының директоры:
Бізде емделушілер көбейсе ғана, бағаны ұстап тұруға болады. Жан-жақты қызмет көрсету үшін қор жинап,
медициналық аппараттар алуға тырысамыз.
Облыстық статистика басқармасының
ақпаратына сүйенсек, жағдай көңіл көншітерлік емес. Қазан айынан бері
амбулаторлық қызмет көрсету құны 17,2 пайызға өскен. Тіс емдетудің бағасы да
ұшып тұр. Медициналық препараттар орта есеппен 6,8 пайызға көтерілген.
Жұлдызсәуле Ізтілеуова, Ақтөбе
облыстық статистика департаменті басқармасының жетекші маманы:
Дәрігерге алғаш қаралу қызметі
1417 теңге болса, қазіргі кезде 1661 теңге. Баға өсімі 17,2 пайыз.
Стоматолог-хирург қызметі жыл басында 1 тісті жұлу үшін 2145 теңге болса,
қазіргі кезде 2482 теңге. Баға өсімі 15,7 пайызды құрады.
Облыстық денсаулық
сақтау басқармасы қызмет көрсету құнын заңсыз көтерген медициналық мекемелерін
тексеруді бастап та кеткен.
Әсет Қалиев, Ақтөбе облыстық
денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Егер ол негізсіз пайыздан артық
қосқан болса, ол дәрі бұрын келіп, сол дәріге негізсіз баға қосқан болса, онда
әрине, арнайы шаралар қолданылады. Егер оның барлығы дәлелденген болса, мұндай
емдеу мекемелеріне, олар белгілі бір лицензиямен жұмыс жасайды, оның барлығы
дәлелденсе, біз лицензиясын тоқтатып, тіпті оны қайтарып алуға да құқығымыз
бар.
Емдеу мекемелерімен қатар,
дәріханалардың да препараттарға қосымша баға белгілеуіне құқы жоқ. Себебі жыл
басында облыстық әкімдік өкілдері «Нұр Отан» партиясымен бірігіп
фармацевтикалық мекемелермен үшжақты меморандумға қол қойған. Сол арқылы
сұранысқа ие дәрі-дәрмектің 200 түрінің бағасы бекітілген. Қазір олардың
тізімі дәріханаларға таратылды.
Мансұр ЕСҚОЖИН