Елбасы, «Нұр Отан» партиясының
төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында еліміздің нақты іс әрекет
стратегиясын айқындап, жаңа міндеттерді жүзеге асыруда билік партиясына маңызды
міндеттер жүктеді. Осы ретте «Нұр Отан» партиясы оларды атқаруға кірісіп те
кетті.
Партия төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бастаған
нұротандықтар Көкшетау қаласына арнайы іссапармен барып қайтты. Басты мақсат - мемлекет басшысының жолдауында айтылған, «Нұр Отан» партиясына жүктелген міндеттерді пысықтау. Ақмола өңіріндегі
партия белсенділері мен жергілікті кәсіпкерлерге мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік
міндеттерін түсіндіру.
«Нұр Отан» партиясы орталық
аппарат мүшелерінің президент жолдауын түсіндіру мақсатында алдымен Ақмола
облысына ат басын бұруы тегін емес. Бұл аймақтың елімізді азық-түлікпен
қамтамасыз етудегі үлесі орасан. Биылғы жолдауда Елбасы мемлекеттің халық
алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін ерекше атап өтті. Көкшетау сапары партия филиалының белсенділерімен кездесуден
басталды. Асқар Мырзахметов президент
жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыруда «Нұр Отанға» ауқымды міндеттер
жүктелгенін жеткізді.
Асқар Мырзахметов, «Нұр Отан»
партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Ең алдымен елдің болашағына
байланысты, Қазақстанның әрі қарай қарқынды дамуына байланысты, мәңгілік елге
айналуына байланысты, дамыған елдер қатарына қосылуына байланысты, Елбасы жаңа
саяси өзгерістерді, жаңа саяси реформаларды ұсынып отыр. Әрине, осыған
байланысты «Нұр Отан» партиясына еліміздің басты саяси күші ретінде маңызды
жауапкершілік жүктеліп отыр. Ол жөнінде сіз бен біз жақсы білеміз. Тек қана осы
жолы емес, партияның бірінші күнінен бастап та елдің тарихына байланысты, елдің
болашағына байланысты қабылданған шешімдерге «Нұр Отан» қандай жауапкершілікпен
жұмыс атқарса, осы жолы да қойылып отырған міндеттерді атқаруға байланысты
сондай жауапкершілікпен жұмыс атқару сіз бен бізді күтіп отыр.
Келесі жылдан бастап мемлекет
денсаулық сақтау мен білім саласы
қызметкерлерінің жалақысын 28-29, әлеуметтік қорғау саласы еңбеккерлерінің
жалақысын 40 пайызға арттырмақ. Әлеуметтік
жәрдемақылар мөлшері де 25 пайызға ұлғаяды. Осы бағытта Үкіметке әлеуметтік
қамтамасыз ету жүйесін оңтайландыру бойынша ұсыныстар әзірлеу міндеті қойылды.
Елбасы жолдауында атап көрсетілгендей, мемлекет көмегі азаматтардың нақты табысы мен тұрмыс жағдайын
бағалау негізінде мұқтаж жандарға көрсетілетін болады. Асқар Мырзахметов, осы
бағытта аянбай еңбек ету керектігін айрықша атап өтті.
«Нұр Отан» партиясы
«аудан-облыс-орталық» қағидаты бойынша ай сайынғы мониторинг жүргізу мен
ақпарат жинау тәсілін қолға алды. Яғни «Нұрлы жол» бағдарламасын жергілікті
жерлерде іске асыруда қандай да бір мәселе туындаса, Үкімет мүшелері мен
Мәжілістегі фракция өкілдері бірден хабардар болып отырады. Кездесуге қатысқан
жергілікті партия ұйымы белсенділерінің бірі Нұрлан Шалғынбаев жолдауды
халыққа түсіндіру жұмыстарын өз ауданында жалғастыратынын айтты.
Нұрлан Шалғынбаев, Қорғалжын
ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, «Нұр Отан» партиясының
мүшесі:
Жолдауды халық арасында, ел
арасында, аудандарда, ауылда халыққа жіті түсіндіріп, жолдаудың басты
бағыттарын елге айқындаймыз деген үміт бар.
Елмен кездесу болады, халықтың ой-пікірлерін тыңдаймыз, және біздің
айтқымыз келген негізгі мақсаттарды айтамыз.
«Нұр Отан» партиясы төрағасының
бірінші орынбасары мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан 280 орындық
балабақша мен әлеуметтік тұрғын үйлер құрылысымен де танысты. Шағын-орта бизнес
өкілдерімен кездесіп, Елбасы Жолдауы мен
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған
шараларды кеңінен түсіндірді, осы
саладағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын анықтау мәселелерін
талқылады. Осы орайда партия аталған жұмыстарды қоғам бақылауына алуды міндет
етіп қойып отырғанын жеткізді.
Партия жанынан Парламент Мәжілісінің депутаты
Айгүл Соловьева жетекшілік ететін Республикалық кәсіпкерлікті қолдау қоғамдық
кеңесі жұмыс жүргізетінін атап өтті. Басты мақсат - бизнесті дамыту арқылы
жұмыссыздық деңгейін төмендету болып отыр. Әлеуметтік топтар
мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету мақсатында ірі кәсіпорын жұмысшылары мен
шағын-орта бизнес өкілдері есебінен партия мүшелерінің сапалық құрамын кеңейту
жоспарланғаны айтылды. Саладағы өзекті мәселелерді кәсіпкерлермен бірлесе
талқылаған партия басшылығы әрбір ұсыныстың партия назарынан тыс қалмайтынына
сенім білдірді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ