$520.93 €609.07 ₽6.68
×

ЭКСКЛЮЗИВ: Ядролық отын қалдықтарын Қазақстанға үйіп-төкпейтін болды

AstanaTV
07.12.2015ж. 20:00
1647
ЭКСКЛЮЗИВ: Ядролық отын қалдықтарын Қазақстанға үйіп-төкпейтін болды

Атом электр станциясы салынып, іске қосылғанан кейін, ядролық отын қалдықтары Қазақстанға үйілмейтін болады. Яғни біз қалдықтарды кәдеге жаратумен айналыспайтын боламыз. МАГАТЭ-нің халықаралық талаптары бойынша бұл міндет атом электр станциясын салған елге жүктеледі.

Бұл туралы біздің арнаға берген эксклюзивті сұхбатында Дәулет Серікбаев атындағы ШҚО техникалық университетінің профессор физигі Сергей Плотников мәлімдеді. Профессордың есебінше, болашақта электр энергиясы қымбаттай түседі. Сондықтан Қазақстан арзан қуат көзін өндіріп, оны Ресей, Өзбекстан, Қытайға сатуға мүмкіндігі бар.

Сергей  Плотников, Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ профессор физигі:

Атомдық энергия бойынша халықаралық агенттіктің халықаралық заң талаптары бойынша, кәдеге жаратылатын ядролық отынды сол реакторды салған ел өз жеріне алып кетуі керек. Яғни Қазақстандағы атом электр станциясының реакторы Ресейдікі болса, Ресей өңдеуге жататын ядролық отын қалдықтарын біздің жерден алып кетуге міндетті. Ал өз елдерінде ол қалдықтармен не істесе де, өз еріктері. Қайта өңдей ме, кәдеге жарата ма - өздері шеше берсін, ол біздің мәселе емес. 

Росатом біздің арнаға бұл мәліметті растады. Олардың айтуынша, Ресей тапсырыс беруші елдерге ядролық отын қалдықтарын кәдеге жарату бойынша үнемі қызметін ұсынады. Бірақ Қазақстан қалдықтармен өзіміз айналысамыз деуі де мүмкін. Қандай жағдай болғанда да, бар шаруа МАГАТЭ-нің қатаң бақылауымен жүреді, деп хабарлады Ресей тарапы.

Александр Мертен, «Росатом - халықаралық желісі» компаниясының президенті:

Станцияның құрылысы бойынша келісімге қол қойған кезде, ол құжатта барлығы қаралады. Отынды кепілді түрде жеткізу, кепілді сервистік қызмет, құрал-жабдықтарды кепілді түрде жеткізу - бәрі ескеріледі. Ал егер Қазақстан пайдаланылған отынмен жұмыс істеуге ниет етсе, ондайда МАГАТЭ-нің бақылауымен мұндайды жасауға мүмкіндік болатын шағар. Ал қазір біз тек осындай қызмет түрін ұсынамыз.