$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Орал мен Атырауда да жағдай жергілікті биліктің бақылауында

AstanaTV
06.06.2016ж. 20:00
1655
Орал мен Атырауда да жағдай жергілікті биліктің бақылауында

Батыс Қазақстан облысында да қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Лаңкестік қауіптің сары деңгейі енгізілгені туралы тұрғындарға смс-хабарламалар таратылуда. Құзырлы орган өкілдері, аудан әкімдері және басқарма басшыларымен өткізілген жиында қауіпсіздікті күшейту жайы ескертілді. Қару-жарақ дүкендері жұмысын тоқтатқан. Сондай-ақ Ақтөбе қаласында лаңкестердің шабуылынан қаза тапқан әскери азамат, оралдық Берік Қалиевтің денесі жеткізілді. Марқұмды жерлеу жұмыстарын жергілікті әкімдік өз мойнына алды. Қазір облыста жағдай тұрақты, құқық қорғау органдары күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге көшкен.

Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Қайтыс болған әскери қызметкердің денесі Оралға самолетпен жеткізілді. Тиісті көлік, барлығын ұйымдастырып, қазір ауданға алып кетті. 5 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі. Қосымша облыс әкімшілігі тарапынан да көмек көрсетеміз.

Атырауда да арнайы органдар аяқтан тік тұрды. Қаладағы үш қару-жарақ дүкені маңына күзет пен арнайы жасақ қойылған. Дүкендердің екеуі бүгін жұмыс істеген жоқ. Ал аймақта қалыптасқан жағдай туралы Ішкі істер департаменті жақ ашпай отыр. Жуырда облыстық дін істері басқармасы дәстүрлі емес ағымдардың ықпалында жүрген 167 адамның адасқанын түсініп, дәстүрлі діни ұстанымға ауысқанын хабарлаған болатын. Олардың ішінде террористік топқа мүше боп, қолына қару алғандар да бар. 

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ