$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Павлодар облысы шетелдік инвестициялар көлемін 40% арттырды

AstanaTV
07.12.2015ж. 20:00
1291
Павлодар облысы шетелдік инвестициялар көлемін 40% арттырды

Әлем бойынша инвестициялық белсенділік төмендегенімен, Павлодар облысы шетелден қаржы тартуды 40 пайызға ұлғайтқан. Бұл туралы бүгін өңір басшысы Қанат Бозымбаев президентпен кездесу барысында мәлімдеді. Өсім соңғы 10 айда байқалып отыр. Павлодар облысы индустрияландырудың екінші бесжылдығында құны 1 трлн 200 млрд теңгенің 24 жобасын іске қосып, 6 мың жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлаған. Ал жыл соңына дейін 2,5 млрд долларға жуық инвестиция құйылған екі өндіріс ошағы іске қосылады, деді Бозымбаев. Ол - мұнай коксын қыздыру зауыты мен Босшыкөл тау кен байыту комбинаты.

Қанат Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі:

Экономикада өсім осы жылы 2 пайызға жақын болуы мүмкін. Өндірісте 100 пайызға жақын көрсеткішпен жылды бітіретін түріміз бар. Ауыл шаруашылығында өсім 15-20 пайыз болуы керек. Басқа салаларда, әсіресе құрылыста 30 пайыз өсім болуы керек. Сондықтан осы жылы қиындықтар болмады деп айта алмаймын, бірақ жалпы өсім экономикада дағдарысқа қарсы іс-қимылдың арқасында өсім болуы мүмкін.

Елбасыға бүгін «Байтерек» басқарушы компаниясының» төрағасы Қуандық Бишімбаев «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы бойынша есеп берді. Холдингпен қаржыландырылған 10 мың ШОБ субъектісі 24 мың жұмыс орнын беріп, мемлекет қазынасына 40 млрд теңге салық түсірді. Нұрсұлтан Назарбаев компания басшысына Ұлттық қордан бөлінген қаржыны ретімен жұмсап, жұмыс нәтижелілігін арттыруды тапсырды.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ