Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

«Алтын домбыра» иесі анықталды

AstanaTV
07.12.2015ж. 20:00
3719
«Алтын домбыра» иесі анықталды

«Тәуелсіздікке тағзым». Осындай атаумен Алматыда айтыс ақындарының аламаны өтті. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен осымен төртінші мәрте өткізіліп отырған дәстүрлі «Алтын домбыра» айтыскерлер сайысына республикадағы суырып салма ақындар келген. Екі күнге созылған сөз сайысында алматылықтардың өнерге шөліркегенін әріптесім Самат Қанағатов байқап қайтты.

Көпшілік күткен айтыста еліміздің әр өңірінен келген 22 ақын бақ сынады. Олардың көшін «Алтын домбыра» сайысының алғашқы жеңімпазы Мұхтар Ниязов, танымал айтыскер Айбек Қалиев және көптеген халықаралық додалардың жеңімпазы Жансая Мусина бастаған болатын. Көпшілік ішінен суырылып шығып, соңында бас жүлдеге таласқандар да осылар болды.

Екі күнге созылған сөз сайысында халықтың мұң-мұқтажы айтылып, әлеуметтік мәселелер жырға арқау болды. Салиқалы ой айтып, әдемі сөз саптаған Павлодар облысының ақыны Аспанбек Шұғатаев төрешілер мен халықтың көңілінен шықты. Жеңімпаз «Алтын домбыраны» арқаға асып, 3 млн теңгені қанжығасына байлады.

Аспанбек Шұғатаев, «Алтын домбыра» сайысының жеңімпазы:

Ағаларға мың рахмет, бөлтірік қылып өсірген ағаларымыздың талайын, пейілдеріңізге бас идім алтын домбыра сыйлаған, алтын жүректі  ағайын!

Ал бірінші орынға тігілген 2 млн теңге ақын Айбек Қалиевке бұйырды. Екінші орынды Иран-Ғайып Күзембаев пен Мейірбек Сұлтанхан иеленсе, үшінші орынды Жансая Мусина бастаған үш ақын місе тұтты. Алаштың алмас қылыш өнеріне айналған айтыс жуырда ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізімінің қатарына енді. Тарихи шешім 2 желтоқсанда Намибия елінде өткен материалдық емес мәдени мұраны сақтау комитетінің оныншы сессиясында қабылданды.

Берік Уәли,«Нұр Отан» партиясы төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі:

Мынау биылғы айтыстың өзінің ерекшілігі бар. Ол өздеріңізге мәлім. Өткен аптада ғана мына ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілді біздің төл өнеріміз. Соның қарсаңында мына «Алтын домбыра» республикалық қорытынды жарыстың нәтижесі шықты. Бұл екі күнге созылған жыр додасында біздің ақындарымыз, жүйріктеріміз нағыз өнерлерін көрсете алды, деп ойлаймын.

Айтыстың басты мақсаты - қоғамның түйткілді мәселерін қозғап, ел аузында қалатындай жалынды сөз орамдарын қалдыру. Ақындар бұл үдеден шыққан сияқты. Өйткені көрермендердің ерекше ықыластары қошеметтен білінді.

Биыл төртінші рет өткізіліп отырған «Алтын домбыраның» ең алғашқы жеңімпазы Мұхтар Ниязов болатын. 2013 жылы бәйгенің бас жүлдесін Жандарбек Бұлғақов еншілесе, өткен жылғы «Алтын домбыра» Балғынбек Имашқа бұйырған еді.

Самат ҚАНАҒАТОВ 



Алдыңғы жаңалық