$518.97 €607.3 ₽6.64
×

150 мың науқас мемлекет есебінен тегін берілетін дәріден қағылып отыр

AstanaTV
16.06.2016ж. 20:00
2076
150 мың науқас мемлекет есебінен тегін берілетін дәріден қағылып отыр

Шығыс Қазақстан облысында мемлекет есебінен тегін беріліп келген бірқатар дәрі-дәрмекке шектеу қойылды. Сөйтіп, жүрек қан тамырлары ауруына шалдыққан, дерті күрделі 150 мың науқас қиын жағдайға тап болып отыр. Қымбат препараттарға 9-шы маусымнан бастап шектеу қойылыпты. Ал бүгін дәрілер қоймаларда бар екені белгілі болды. Тек облыстық денсаулық сақтау басқармасына оларды таратуға сот тыйым салыпты. Тақырыпты тілші тарқатады.

Раиса Бугаеваның жары - ауыр сырқатқа душар болған жанның бірі. Тіпті жүрек қақпақшасына операция да жасатқан. Ем-дом да тым қымбат. Сондықтан дәрінің бірқатарын арнайы жеңілдікпен дәріханадан тегін алып келген еді. Бірақ енді одан шектетіліп отыр.

Раиса Бугаева, Өскемен қаласының тұрғыны:

Мен ғана емес, ондай шектеуге ауруханадағы өзге де науқастың бәрі ілігіпті. Гипертониктерге нақты бірілмейді деді.

Препараттың тоқтатылу себебін науқастарға фармкомпания өкілдері ғана түсіндіріп отыр. Сөздеріне қарағанда, оған сот шешімі себеп болған. Яғни жыл басында дәрілерді тегін тарату тендеріне 5 фирма қатысқан екен. Бірақ соның бірі өтпей, сотқа шағым түсірген. Енді препараттардың берілуіне түгел тыйым салынса керек.

Вячеслав Журавлев, фармацевтикалық компанияның директоры:

Мұндай жағдай Қазақстанда бұрын-соңды болмаған еді. Әрине, Шығыс Қазақстан облысындағы науқастар үшін қиын жағдай. Бірақ сол дәрілер берілмегенімен, қоймаларда толып тұр.

Бұл тұста облыстық денсаулық сақтау басқармасы да дәрменсіз. Себебі қойма толы дәріні таратып, сот тыйымына қарсы шыға алмайды.

Сергей Попов, ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Біз тек заң шеңберінде ғана жұмыс істеуге құқылымыз. Сондықтан апелляциялық сотқа шағым береміз. Мәселені біржақты әрі тез шешу қажет.

Тендер заңсыз өтті деп шағым түсірген «Евразия фарм» фирмасы басшысы мәселеге қатысты өз пікірін білдіруден бас тартты. Есесіне, мемлекеттік кірістер департаменті аталмыш компанияның бірсыпыра былығын әшкерлейтін құжаттын көрсетті. Оған қарағанда, фирма басшысы салықтан жалтарған. Сондықтан оның шағымы сотта қабылданбақ түгілі, тіпті конкурсқа да қатысуына құқығы болмаған. Осылайша сот процесінің әлі де біразға созылатын түрі бар. Тек оған дейін дәріге зәру 150 мың науқастың өмірі қиылып кетпесе болғаны игі.

Құралай ПИОНЕР