$491.7 €531.28 ₽5.07
×

Ақтөбедегі оқиғада ажал құшқан бейбіт тұрғындардың аты-жөндері жарияланды

AstanaTV
07.06.2016ж. 20:00
1871
Ақтөбедегі оқиғада ажал құшқан бейбіт тұрғындардың аты-жөндері жарияланды

Ақтөбеде жағдай тұрақты. Облыс аумағында да, шахарда да қоғамдық-саяси ахуал оңалып келеді. Жағдай жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарының бақылауында. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осылай деп мәлімдеді. Дегенмен жергілікті тұрғындар әлі де үрей құшағында. Олар бүгін қалада атыс даусы естілгенін айтады. Бірақ Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бүгін сондай-ақ абайсызда ажал құшқан бейбіт тұрғындардың аты-жөндері жарияланды. 

Жексенбідегі сойқаннан кейін Ақтөбе өңірінде тыныштық орнаған сияқты. Ішкі істер министрлігі өкілдері түннің қалыпты жағдайда өткенін мәлімдеді. ІІМ құрамы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Алмас Садубаев,  ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры:

Қарулы қақтығыстардың барысында 13 қылмыскердің көзі жойылды, 4 жарақат алды. 7 қылмыскер іздеуде. Ішкі істер органдары іздеудегі қылмыскерлерді ұстау бойынша барлық шараларды қабылдауда. 8 күдікті ұсталды. Олардың қылмысқа қатысы бары тексерілуде.

Жағдай тұрақталды, дегенмен жергілікті халық қатты үрейленіп қалған.

-Конечно, страшно, за детей страшно.

-Қорқынышты анадай адамдарды көргенде, толпа. -12-ге таман түнгі атыстың даусы естілді ме? -Ондай естілген жоқ.

Коммуналдық қызметтер, қоғамдық көліктер мен медициналық мекемелер штаттық режимде жұмысқа көшкен. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев тұрғындардың халық көп шоғырланған және көңіл көтеретін жерлерге бармауына кеңес берді. Сонымен қатар құжат тескерген тәртіп сақшыларына түсіністікпен қарап, тек ресми мәліметтерге ғана сенуге шақырды.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

Бүгін медициналық мекемелерге бірнеше жараланғандар әкелінді. Олардың арасында бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау қызметкерлері жоқ. Негізінен қылмыскерлер. Кеше қаза тапқан әскерилердің отбасына материалдық көмек көрсетіледі.

Бірнеше жаралы адамның түскенін дәрігерлер де растады. Бірақ қаншасы қарудан жарақаттанған, қанша тұрғын пышақ жарақатын алған, ол жағын нақтыламады.

Рахымжан Арыстанов, Ақтөбе облыстық медициналық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері:

Кешеден бері жарақатпен түсіп жатқан аурулар бар. Бірнеше адам түсті. Атылған-кесілген жарақатпен. Әр аурулар көмекті алды. Бірнеше адам түсті деп айттым, сізге санды айта алмаймын, Күніге 50-40 адам түседі, кейде 100 адам түседі. Ол сіздерге не керек?

Бүгін қаңғыған оқтан қаза болған бейбіт тұрғындар мен әскерилердің тізімі белгілі болды. Облыстық әкімдіктің өкілі олардың саны 7 адам екенін біздің тілшілерімізге телефон арқылы растады.

1. Максименко Андрей Владимирович, 1972 жылы туған, «Паллада» қару-жарақ дүкенінің сатушысы. Отбасы Ақтөбе қаласында. 2. Онищенко Николай Александрович, 1947 жылы туған, «Паллада» дүкенінің жанынан өтіп бара жатқан. Отбасы Ақтөбе қаласында. 3. Тәжібаев Мерхан Есенбайұлы, 1983 жылы туған, күзетші, екі баласы қалды. Отбасы Ақтөбе қаласында. 4. Матросов Михаил Витальевич, 1981 жылы туған, «Пантера» дүкенінің жанынан өтіп бара жатқан. 13 жастағы баласы қалды. 5. Сапар Досбол Еркімбекұлы, 1997 жылы туған. 6655 әскери бөлімінің шұғыл қызметтегі әскериі, отбасы ОҚО тұрады. 6. Майлыбаев Даниэль Ақарысұлы, 1975 жылы туған. 6655 әскери бөлімінің офицері, отбасы Алматы қаласында. 7. Қалиев Берік Ерланұлы, 1978 жылы туған, 6655 әскери бөлімінің шарт бойынша әскериі, 4 баласы қалды. Отбасы Орал қаласында. 

Кездейсоқ оқтан көз жұмғандардың отбасыларына 1 млн теңгеден көмек көрсетіледі. Және жерлеу рәсімін  жергілікті билік өз мойнына алады. Мұны облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Еске салайық жексенбіде діни радикалдар Ақтөбедегі екі қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуыл жасады. Билік қанды оқиғаны терракт деп бағалады. Өңірде террорлық қауіптің қызыл деңгейі әлі сақтаулы. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ