Шығыс
Қазақстан облысындағы Риддер қаласындағы үш мектепте бір ғана физика мұғалімі
сабақ береді. Оның өзі зейнеткер. Бұл жайында қала әкімі айтты. Оның айтуынша,
шаһар кәсіби мамандарға мұқтаж. Бұл мәселені шешу үшін арнайы бағдарлама қолға
алынды. Бірақ оны жалғастыру үшін қосымша 2 млрд теңге қаражат қажет екен. Бұл
жайында біздің арна тілшілеріне облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасының өкілдері мәлімдеді. Бұл қаражатқа мигранттарға
арналған 6 көпқабатты үй салынбақ.
Риддер
әкімі «Шығыс Қазақстанға қоныс аударайық» пилоттық жобасының арқасында кадр
мәселесін шешуді жоспарлап отырғандығын жасырмайды. Биыл басталған жоба
«жұмыспен қамту жол картасының» аясында жүзеге асырылып отыр. Осы уақытқа дейін
аталған қалаға 60 отбасы көшіп келген. Арасында құрылыс, білім, мәдениет пен
медицина салаларының мамандары бар. Алайда, қоныс аударғандардың саны әлі де
аздық етеді.
Жомарт
Мұратов,
Риддер қаласының әкімі:
Бізде
3 орталық мектепте бір ғана физика пәнінің мұғалімі бар. Ол зейнет жасында. Бұл
шындық. Құдай сақтасын, әрине, бірақ ол ауырып қалса, ертең балаларды физикадан
кім оқытады?
Осыған
байланысты билік өкілдері көшуге ниет білдіріп отырған басқа аймақ тұрғындарына
үміт артып отыр. Мәселен, Мұхит Төлегеновтың жанұясы бағдарламаны негізге
алып, Оңтүстік Қазақстан облысынан көшіп
келген. Бүгінде отанасы Нұркес Сейітхан жергілікті ауруханада медбике қызметің
атқарып жүр. Ал отағасының өзі металлургиялық зауытқа жұмысқа орналаспақшы.
Балаларын да қаладағы мектеп пен балабақшаға орналастырылған. Бір сөзбен
айтқанда, бұл отбасы батыл іске бел буғандарына өкінбейді.
Нұркес
Сейітхан, «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасының қатысушысы:
Риддер
қаласы ұнады, табиғаты керемет. Халқы ұнады. Жылы қарсы алып жатыр. Риддер -
біздің екінші үйіміз. Осы жерде өсіп-өнеміз, Құдай бұйыртса.
Аталған
бағдарламаға қатысуға ынта білдіріп отырғандардың қарасы қалың. Жұмыспен қамту
және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына елдің түкпір-түкпірінен екі жүзден
астам өтініш түскенін жеткізді. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және
Жамбыл облыстарынан қоныс аударамын деушілер көп. Алматы мен Астана
тұрғындарының арасында да жаңа мекенге келгісі келетіндер баршылық. Тоқсан
пайызының жоғары білімі бар. Қазір оларға баспана ауадай қажет болып тұр.
Айжан
Садықова, ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының
бұрынғы басшысы:
Бүгінде
бізде 6 тұрғын үйге жобалық сметалық құжаттама бар. Әрбірінің бағасы 400 млн
теңге. Қажет құжаттардың бәрі бар. Салатын мүмкіндігіміз де бар. Бірақ, ақша
қажет. Депутаттар осы бағдарламаны қолдаса, жақсы болар еді. Себебі облыстық
бюджеттің бір кішігірім шығыны үлкен әлеуметтік мәселелерді шешер еді.
Дағдарыс
кезінде «Шығыс Қазақстанға қоныс аударайық» жобасына қосымша қаражат көзі табыла ма, жоқ па, жақын арада белгілі
болады. Құзырлы орган өкілдері, үкімет пен депутаттарға 2016 жылдың сметасын
ұсынуға дайын екендіктерін білдірді. Егер де бағдарламаны іске асыруға қосымша
қаражат бөлінсе, онда Риддердің бүкіл мектептерінде өзіне тиесілі пән ұстаздары
болады.
Абзал
ҚҰРМАНКИН