Білім
және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ақтөбеде болып, ұлттық біріңғай тестілеуге қатысты. Үкімет
басшысының тапсырмасымен аймаққа жеткен бас ұстаз тест өткізуге
дайындық барысын өзі қадағалап, оқушыларға сәттілік тіледі.
Биыл
Ақтөбеде 2 жарым мыңдай түлек мектеп бітірді. Олардың екінші легі Жұбанов
атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті мен Сақтаған Бәйішев атындағы
университетінде білімін сынады. Лаңкестік оқиғаға орай бір күнге шегерілген
сынаққа бүгін 874 оқушы кірді. Министрдің сөзіне қарағанда, тестілеу өткізуге
ешқандай кедергі жоқ. Дайындық жоғары деңгейде. Дүйім жұртты дүрліктірген
лаңкестердің әрекеті сынақ алдында онсыз да қобалжып отырған оқушыларға
айтарлықтай әсер еткен.
Луиза
Жалмұханова, мектеп түлегі:
Қорқыныш
болды. Мысалы, қаншама адамдар жаралы деді, ауруханаға түсті деді. ЕНТ-дан
қорықпасам да, содан қорықтым. Себебі мен өзім сол атысты көрген адамдарың бірі
болдым.
Ерлан
Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
Бүгін
бәрі дайын. Қарап отырмыз тексеруге келіп. Премьер-министрдің тікелей
тапсырмасына сәйкес келіп отырмын. Балалар дайын. ҰБТ пункттері бәрі дайын.
Таңертең мынаны тексерді дұрыстап, кинологтар да келді. Ешқандай қауіпсіздік
мәселелері де жоқ. Енді бәріне тек қана сәтілік тілеймін.
Білім
және ғылым министрлігі таратқан ақпарға қарағанда, маусымның 2-сі мен 6-ы аралығында
ҰБТ-ға 78 мыңнан астам түлек қатысқан. Оның 57 мыңға жуығы қазақ, 21 мыңы орыс
тілінде сынақ тапсырған. 5 күннің есебі бойынша, 17 оқушы 125 балл алып отыр.
Тест нәтижесіне көңілі толмағандардың апелляциялық комиссияға өтініш беруіне
құқығы бар. Сондай-ақ, негізгі межені жинай алмағандар қайта сынақтан өтуіне болады. Өтініштер
жоғары оқу орындарында тамыздың 1-і мен 8-і аралығында қабылданады. Ал
емтиханның өзі тамыздың 19-ы мен 24-де өтеді. Тестілеу науқаны 10 маусымға
дейін жалғасады. Биыл 121 мың оқушы мектеп бітірсе, 80 мыңдайы ҰБТ тапсыруды
қалаған.
Мансұр ЕСХОЖИН