Қарағандыда
Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров атындағы авиациялық базада МИГ-31
жауынгерлік ұшақтары сынақтан өткізілді. Онда негізінен ұшу кезіндегі экипаждың
дайындығы пысықталды. Қорғаныс министрлігінің 50\185 әскери бөлімшесінде
ұйымдастырылған баспасөз туры барысында заманауи оқу-жаттығу кешенінің де
таныстырылымы өтті.
Жылдамдығы
сағатына үш мың шақырымнан асатын МИГ-31
ұшағын басқару оңай шаруа емес. Ол үшін әскери ұшқыш оқу сағатын жинап, арнайы
тест тапсырып, физикалық әзірлігін мықтауы қажет. Ұшқыш штурман Ерлан Ысқақов
бұл сынақтардың бәрін бастан өткізген.
Ерлан
Ысқақов, ұшқыш-штурман:
Алғаш
рет АН-26 ұшағында ұшып бастағанмын. Кейін
Қарағандыдағы бөлімге келіп, МИГ-31-ге отырдым. Қазір ұшу уақытым 250
сағаттан асты. Әуеге көтеріліп жүргеніме үш жыл. Өз қызметіммен мақтанамын.
Себебі мұндай ауыр техниканы басқару екінің бірінің қолынан келмейді.
Зымыранды
басқару алдында экипаж мүшелері әуедегі іс-қимылдарды арнайы оқу-жаттығу құралы
арқылы пысықтап шығады. Басқару пунктінің басшысы Петр Дороговтың сөзінше,
ұшқыштар зымыранды түрлі метеорологиялық жағдайда сынап, жауға қарсы
тактикаларды қолданып, біліктіліктерін шыңдайды.
Петр
Дорогов, МИГ-31 оқу жаттығу кешенінің бастығы:
Оқу-жаттығуда әр ұшқыш өз санатына сай сынақтан өтеді. Кәсіби экипаждың жауынгерлік
әзірлігі пысықталады. Жұмысын жаңадан бастаған ұшқыштар зымыранның техникалық
сипаттамасымен танысып, ұшу сағаттарын жинайды.
Жұрағат
Баман, тілші:
МИГ-31
оқу-жаттығу құралын бізге Ресей тарапы арнайы тапсырыспен жасап берген. Міне, осындай кабинаға ұшқыштар отырғаннан кейін, басқарушы пункттен арнайы тапсырма
беріледі. Онда жаудың нақты координациясы, биіктігі мен ара қашықтығы
белгіленеді. Бұдан кейін ұшқыштар нақты әскери іс-қимылға көшеді.
Жауынгерлік
дабыл кезінде ұшақ 10 минутта әуеге көтерілуі тиіс. Сондықтан эксипаж мүшелері
ұшу алаңына шығарар алдында, оның техникалық жағдайын барынша жылдам тексеріп
шығуға міндетті. Зымыран әзір болғанда, басқарушы пункт ұшуға рұқсат береді.
Мәдияр
Арыстанбеков, МИГ-31 әуе кемесі капитаны:
МИГ-31
жылдамдығы сағатына үш мың шақырымнан асады. Көтерілетін биіктігі - жиырма мың
алты жүз метр. Ұшқыштардың айына ұшатын сағаттары 15-20 сағаттан асады.
Дайындық деңгейі өте жақсы.
МИГ-31
- әуедегі нысанды кез-келген жағдайда жойып жіберуге арналған. Сонымен қатар,
қанатты зымырандарды биіктік пен жылдамдықтың барлық диапазонында ұстауға
қабілетті. Әлемде баламасы жоқ бұл әскери ұшақ тек Ресей мен Қазақстанның
қорғаныс күштерінде қызмет етеді. Оқу жаттығу күрделі метеорологиялық жағдайға
қарамастан сәтті өтті.
Жұрағат БАМАН