$525.87 €614.37 ₽6.72
×

«Жібек» телесериалында басты рөлді ойнаған жас актрисаның танымалдығы арта түсті

AstanaTV
20.11.2015ж. 20:00
2193
«Жібек» телесериалында басты рөлді ойнаған жас актрисаның танымалдығы арта түсті

«Астана» арнасында жүріп жатқан «Жібек» телехикаясында басты рөлді сомдаған Айым Сейтіметова бүгінде танымал бола бастады. Сәтті шыққан кинотуындыда тамаша өнер көрсеткен жас актрисаны айналасындағылар Айым емес, Жібек деп атайтын болған. Жуырда ғана 18 жасқа толған Айымның қатысуымен түсірілген телесериал көрермендерден жоғары баға алды. Тіпті әлеуметтік желілерде «Жібек» телехикаясының атауымен 10-ға жуық топ ашылып, оны қолданушылар өз пікірілерін білдіріп жатыр.

Айымға мектепте оқып жүрген кезден-ақ киноға түсуге ұсыныстар жасалған. Алайда оның анасы, актриса Данагүл Темірсұлтанова, рұқсат бермепті. Мектеп бітіріп жоғарғы оқу орнына түскенге дейін қызының үлкен өнерге келуіне әкесі, танымал актер Азат Сейтіметов те қарсы болған. Қазір Жүргенов атындағы өнер академиясының 1-ші курсында білім алып жатқан Айым үшін «Жібек» телесериалы кино әлеміне жарқын жол ашты. Түсірілім алаңында ол әкесімен бірге сәтті өнер көрсетіп, шеберлігін шыңдады.  

Айым Сейтіметова, "Жібек" сериалында басты рөлді сомдаушы:

Осы сериалды күтіп, қобалжып, жақсы тілектер айтқан адамдар бар. Сол үшін өте қуаныштымын. Далада да мені Айым демейді, Жібек дейді, өзімді Жібек сияқты сезінемін. Туыстарым звондап, Айым құтты болсын дегендей. Әлеуметтік желілерде де көп адамдар пікірлер жазып. В контакте желісінде тіпті осы Жібек сериалына арнап 6-7 топ ашылыпты.

Данагүл Темірсұлтанова, актриса, А. Сейтіметованың анасы:

Анау жаңағы анонстарынан қарсам, Айым жылап жатады. «Астана» каналынан көрсетті ғой. Сосын мен папасынан сұрадым, Азат ағаңнан, Айым өзі жылап жатыр ма, әлде көзіне глицерин тамызып жатыр ма деп. Сөйтсем, өзі жылап жатыр дейді. Өздеріңіз білесіздер, ол 1 дубльмен шектелмейді. Сегіз, он дубль жасалады. Әрине, мен бір жағынан қуандым. Өйткені нағыз жүрегімен сезінген адам ғана қабылдай алады айналасындағы жағдайларды.

Сағат 21.00-де «Астана» телеарнасының төл туындысы «Жібек» телехикаясының жалғасын көруді ұмытпаңыздар. Бұл бөлімде де көрерменді өзіне баурап алатын небір оқиғалар болады. Айта кетейік, «Жібек» телехикаясының бірінші бөлімі сағат 19-00 де болады, ал жарты сағаттан соң сол серияның жалғасы көрсетіледі. Қысқасы, Жібектің ары қарайғы тағдырын білгіңіз келсе, 21.00-де телехикаяның жалғасын көріңіздер.