Қызылорда
облысының дихандары күріштің жергілікті сорттарының данқын қайта көтеруге
кірісті. Бұл жұмыс Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының көмегі арқасында
іске асуда. Отандық ғалымдар ойлап шығарған сұрыптар бәсекеге қабілетті. Олар
күріштің жаңа түрін шығаруға 15 жылдай уақыт кеткенін айтады.
Қазақ
күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты қолға алған тың сұрыптардың соңғысы
- АйСауле сорты. Өндіріс алқабында жасалған тәжірибеде бұл күріш әр гектарынан
60 центнерге дейін өнім берген. Авторлардың бірі ауыл шаруашылығы ғылымдарының
кандидаты Сауле Байбосынованың айтуынша, жаңа сұрып будандастыру арқылы
алынған.
Сауле
Байбосынова, Қазақ күріш шаруашылық ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми
қызметкері:
Бұл
сорттың ерекшеліктері - тұзға төзімділігі және сапасынын жоғарылығы, сосын
өнімнің жоғарылығы. Ең айтып өтетін және осы өңірдің ауа-жайлық, климаттық
жағдайына төзімділігі. Келешекте, шындыққа келгенде, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
және Ресей сорттарын, мен ойлаймын, келешекте біздің өзіміздің осы өңірге
бейімді шығарған сорттар басып озады деп ойлаймын.
АйСауле
күріші, ресейлік сұрыптармен салыстырғанда, 10-15 күн бұрын піседі. Қазір оны
облыстағы бірнеше шаруашылық тәжірибе ретінде егіп жатыр. Еріктілер ішінде жақында құрылған Жамбыл ауыл шаруашылық кооперативі де бар.
Болатбек
Рүстемов, қожалық төрағасы:
Бұның бір ерекшілігі - ауру педикулезге қарсы тұрады деп ғылыми институтта дәлелденіп
отыр. Біз енді тәжірибе ретінде егіп отырмыз қырық гектар жерге. Шығымы жаман
емес. Сол сортты әрі қарай дамытсақ деп отырмыз. Құдай қаласа, мынау Сыр
өңірінің маржанын қайтадан жандандыруға ат салыссақ дейміз.
Кооператив
басшысының бұл пікірін басқа да шаруашылықтар қолдап әкетті. Күріш саласы жаңа
өзгерістердің алдында тұр. Мемлекет шағын шаруашылықтардан құрылған
кооперативтерді қолдауда. Мәселен, шағын және орта бизнесті дамыту үшін
несиелендіру бағдарламалары жүзеге аспақ.
Бахытжан
Әбиев, "Атамекен" ҰКП өңірлік филиалы басшысының орынбасары:
Бағдарламаның
бір бағыты - ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерін несиелендіруді
қарастырады. Бүгінге дейін осындай екі кооператив жиырма миллион теңге сомасына
несиелендірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Бұл
қаражатқа тыңайтқыштар мен арнайы техника сатып алынады. Биыл облыста 76 мың
гектар алқапқа күріш егу жоспарланған. Ресейлік сұрыптармен қатар бұрыннан егіліп жүрген жергілікті сорттар да бар.
Олардың қатарында АйСауле күріші өзінің лайықты орнын аларына ғалымдар
сенімді.
Шарипа
САҚТАПОВА