$526.5 €611.64 ₽6.72
×

В.Путин ұшақ апатына қатысты мәлімдеме жасады

AstanaTV
24.11.2015ж. 20:00
1475
В.Путин ұшақ апатына қатысты мәлімдеме жасады

Ресейлік әскери СУ-24 ұшағының апаты Ресей-Түрік дипломатиялық қарым қатынасын суытты. Бұл жайында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин ресми түрде мәлімдеді. Айта өтейік, суыт хабарды Путин Иордания патшасы Абдалла II мен Сочиде өтіп жатқан кездесу барысында естіп, шұғыл баспасөз отырысын өткізді. Бомбардирды нысанаға алғандарды Путин "лаңкестерді жақтаушылар" деп атады. Ол Түрік билігі ресейлік ұшақты атып түсіргеннен соң, бірден Ресейге емес, НАТО-дағы серіктестеріне жүгінгендіктерін де қатты сынады.

Айта өтейік, Түрік әскери әуе күштері ресейлік бомбардирды әуе кеңістігінің заңдарын өрескел бұзды деп атып түсірген. Алайда, ресми Мәскеу ұшақ Сирия территориясынан аспады деп отыр. Белгілі болғандай, СУ-24 Түркиядан 4 шақырым жерде құлаған.

Куәгерлер түсірген мына бейнежазбада ұшақты жерден атып түсіргені анық көрінеді. Түрік тарапы мұны мойындады. Бортта болған екі ұшқыш секіріп үлгерген. Алайда, Рейтерстің жазуынша, олардың бірі қаза тапқан. Сондай-ақ, бүгін Сирияда Ресей тілшілеріне шабуыл жасалғаны да белгілі болды. ТАСС және  RT журналистері мінген көлікті танкке қарсы зымыранмен атқылаған. Абырой болғанда, тілшілер дін аман.

Еске салсақ, 30 қыркүйектен бастап Ресей авиациясы ДАИШ-тың Сириядағы жасақтарын әуеден атқылай бастады. Ал 17 Қарашадан бастап әуе шабуылдарын стратегиялық бомбалаушы ұшақтарымен жандандырды.